Бауыржан Жолшиев «Астана» сапын толықтырды

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубының Дубайдағы оқу-жаттығу жиынына Бауыржан Жолшиев келіп қосылды, деп xабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Біріккен Араб Әмірліктерінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Астана» футбол клубының жаттығу базасына Қазақстан ұлттық құрамасының және елордалық команданың бұрынғы ойыншысы Бауыржан Жолшиев келіп қосылды. 27 жастағы футболшы 2014-2015 жылдары «Астана» футбол клубы сапында өнер көрсеткен болатын.

Осы жаңалық туралы пікір білдірген «Астана» футбол клубының Президенті Саян Хамитжанов: «Біз негізі ойыншыларды бақылаудан өткізуден гөрі, оларды сырттай бақылағанды жөн санаймыз. Ал Бауыржанға тағы бір мүмкіндік беруді жөн санадық. Бұл ойыншы 2015 жылы «Астана» футбол клубы ел футболы тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне жолдама алған тұста, командаға елеулі үлесін қосқан болатын. Мен Бауыржанның бапкерлер құрамы мен еліміздің барша футбол қоғамына өзінің еңбекқор азамат екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп, жарқын ойынымен жанкүйерлерге қуаныш сыйлайтынына сенімдімін. Өз басым Бауыржанның бұрынғы бабына қайта келіп, өз ойынын табатынына сенемін», - деді.

Естеріңізге сала кетейік, Жолшиев «Астана» сапында өткізген 69 кездесуде, 15 гол соғып, 9 нәтижелі пас берген еді.

Соңғы жаңалықтар