Бауыржан Байбек қаланы абаттандыруды мерзімінде аяқтауды тапсырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек жаяу жүргіншілерге көбірек орын берілген қала көшелерін қайта жасау жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Бауыржан Байбек жұмыс барысында жаяу жүргіншілерге көбірек орын берілген Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен «Астана» алаңының қайта жасалуын тексерді. Әкім мердігер ұйымдарға жұмыстың сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуын тапсырды. 

Жиында қазіргі кезде жылу жүйелерін ауыстыру жұмыстарының аяқталғаны және арық лотоктарының төселгені, көше жарығы желілерінің тартылып, құрғақ субұрқақтарының іске қосылғаны айтылды. Келесі аптадан бастап, жоғарыда аталған көшелерде бірыңғай архитектуралық стиль қалыптастыру үшін нысандардың сыртқы беттерін жаңарту жұмыстары басталады.

Бұрыннан бар жасыл желектер сол бойы сақталады. Көлеңке көбейту мақсатында еңселі ағаштар, қайың, емен отырғызу қарастырылған.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, қалада 330 мың шаршы метр жерге жасыл желек отырғызылады. Жібек жолы көшесін Қонаев көшесінен Желтоқсан көшесіне дейін қайта жасау барысында «Арбат» бұрынғы келбетін сақтайды, толық абаттандырылады және жеке функционалды аймақтарға бөлінеді. Демалыс орындары артады, бұрыннан бар фонтандар қайта жасалады, спорт және балалар алаңдары пайда болып, кеспе тастың орнына жоғары сапалы гранит төселеді.

Панфилов көшесі бойымен Қабанбай батыр көшесінен бастап, Жібек жолына дейінгі аралықтағы жаяу жүргінші жолына да гранит төселеді, мұнда да демалатын орындар, спорт және балалар алаңдары, абаттандырылған веложолдар болады.

Атап өтерлік жайт, жөндеу жұмыстары басталған кезде көне қаланың ескі кеспе тастары табылған еді, жобаның жалпы композициясында олар да пайдаға асады. 

 «Астана» алаңында көлік қозғалысы жолағы қысқарады, босаған кеңістіктерге қосымша ағаштар отырғызылады, екі субұрқақ пайда болады. Осылайша, жаяу жүргіншілер мен көлік легі екіге бөлінеді, автотұрақ аймағы шектеледі. Алаңның солтүстік бөлігіне  экологиялық таза гранит тастар төселеді. 

«Қабанбай батыр мен Гоголь көшелерінде қозғалыс бөлігін шектеу қарастырылмаған, бірақ жаяу жүргінші жолының түгел бойына көлік қоюға тыйым салынады, автомобильді тек арнайы жабдықталған  орындарда ғана қалдыруға болады», делінген қалалық әкімдік таратқан хабарламада. 

Соңғы жаңалықтар