Бауыржан Байбек: Алматыны базарға айналдыра алмаймыз

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек көшедегі заңсыз саудамен күрес жалғаса беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Алматыда бірнеше жылдан бері сауда дүңгіршектері сүріліп, заңсыз саудамен күрес белсенді түрде жалғасып келеді.

«Көлеңкелі экономика үлесін азайту мақсатында біз қаланы заңсыз сауда дүңгіршектері мен билбордтардан, басқа да заңсыз дүниелерден тазалауды қолға алдық. «Жұмыс орындары» деп көпшіліктің айтары түсінікті. Бізде сауда орындарында 27 мың шаршы метр бос жер тұр. Біз неге қаланы базарға айналдыруымыз керек? Оның үстіне ол жердегі азық-түліктен ешкім сақтандырылмаған. Ол жердегі жұмысшылар еңбекақыны конвертпен алады, зейнетақы қорына да ештеңе аудармайды», - деді қала әкімі.

Оның айтуынша, қолға алынған жұмыстар жалғаса бермек. Көлеңкелі экономикамен күрес жұмыстары  қала бюджетінің қоржынына түсетін қаржыны молайтады, ол қаржы қала инфрақұрылымына бағытталмақ.

«Біз шағын және орта бизнесті қолдай түсеміз, осы ретте бюрократиялық кедергілерді қысқартып, жемқорлық жағдайларының жолын жабамыз. Бизнестің дамуы қала тұрмысының жақсарып, жұмыс орындарының көбеюіне негіз болады», - деді Бауыржан Байбек.

Соңғы жаңалықтар