Бауыржан Байбек «Almaty Іnvest-2016» халықаралық форумын ашты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Almaty Іnvest-2016» халықаралық форумын ашып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Форум Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі таңда Алматы - мәдениеттің, бизнес пен жеке капиталдың қаласы. Тәуелсіздік жылдары қала бюджеті 41 мрлд долларға дейін жетті. Бұл еліміздің мұнайдан бөлек кірістерінің 1/3 бөлігін береді. Қалада шағын және орта бизнес 130 есеге өсіп, 183 мыңға жетті, оның 14 мыңы шетелдік капиталдың катысуымен жұмысын жүргізіп отыр. 25 жыл ішінде Қазақстанда өмір сүру сапасы жақсарды. Соңғы 5 жылда Алматы 2 есеге өсті. Оның халқы агломерация тұрғындарын қосқанда 3 миллионға жетті. Алматы - Ұлы Жібек жолындағы 1000 жылдық тарихы бар қала.

Тәуелсіздік жылдары қаланың инфрақұрылым саласына 3 млрд доллардан астам қаржы жұмсалды. Атап айтқанда, қалада 28 жолайырық салынды, келесі жылы 4 жолайырық пен үлкен жолдар құрылысын жалғастырамыз.

Алматыда инвестиция тартудың драйвері - туризм саласы. Елімізге келген екінші шетелдік турист Алматыға соқпай кетпейді. Алматыда жоғарғы сападағы 2000 мейрамхана қонақтарды қабылдауға дайын. Алдағы уақытта Алматы халықаралық әуежайын кеңейту, машина жасау кәсіпорындарына, химиялық фармацевтикаға көңіл бөлінбек. Алматыда Инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Еліміз 30 жылға дейін кедергісіз табыс табуға кепілдік береді»,  - деді Бауыржан Байбек. 

Айта кетейік, бүгін Алматыда Ritz-Carlton қонақ үйінде Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Almaty Іnvest-2016» форумы өтіп жатыр.

Халықаралық экономикалық жиынға қала әкімі Бауыржан Байбек, ҚР ҰБ төрағасы Данияр Ақышев, UBS  Asset Management стратегиялар және жаһандық нарықтар бойынша басшысы Массимилиано Кастелии мен Sanlas hoiding компаниясының негізін қалаушы Гюнтер Небель секілді сарапшылар қатысуда. Жалпы форумға беделді саясаткерлер, әлемдік және отандық бизнес көшбасшылары, инвестициялық корпорациялар басшылары, қаржы институттары мен халықаралық ұйымдардан барлығы 500-ге тарта жоғарғы қызметтердегі мамандар келді.

Форумда сауда және қызмет көрсету саласы, тамақ өнеркәсібі, іскерлік туризм, мемлекеттік-жеке серіктестік және индустриалдық даму секілді 5 басым бағыттар бойынша Алматы қаласының инвестициялық мүмкіндіктері талқыланады.

Соңғы жаңалықтар