Баукең сүйсінген «Полтара казах» кім? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

Кенесары ханның ұрпағы Шымкентте тұрады - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null 

Газеттің «Асылдың сынығы» атты айдарындағы мақалада Қазақ хандығының соңғы билеушісі Кенесары Қасымұлының ұрпағы туралы сұхбат жарияланыпты. Айта кетерлігі, ханның ұрпағы қазақ жеріне кең таралған, ал аласапыран уақытта олардың бірқатары тегін ауыстыруға мәжбүр болған. Алайда, Натай Кенесарин басына қандай қатер төнсе де өзінің Хан Кененің ұрпағы екенін ешқашан жасырмаған екен. Осы жайындағы сұхбат Натай Кенесаринның жиен немересі Мадина Әміртаевамен өрбіпті: «Әуелі нағашы атам Натайдың Кенесарыдан қалай тарайтынына тоқталайын. Кенесары ханның ұлы Ахмет сұлтан, ал, оның баласы Әзімхан болған. Әзімханнан Натай тараған. Натайдың шын есімі - Насыролла. Оның Раушан, Гауһар және Мұрат есімді үш перзенті болды. Тұңғышы Раушанның (шын есімі -- Светлана) бір ұл, бір қызы бар. Сол қыз менмін. 35 жылдан бері Шымкентте тұрамын».

Сұхбатта Кенесары ұрпақтарының Алашорда құрамындағы қайраткерлігі, олардың қасаң заманда қалай зәбір көріп қудаланғаны, туралы әңгіме айтылады. Соның ішінде Натай Кенесаринның тағдыры оқырманды қызықтыратыны анық. Ол Мәскеудегі оқуын аяқтағаннан кейін Алматыға келді. Бұл кезде оған қазақ геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қоғам қайреткері Қаныш Сәтпаев қолдау көрсетіп көмектескен екен. «1948 жылы оған тосыннан белгісіз бір кісі қоңырау шалып: «Натай дайынсың ба?» дейді де тұтқаны қоя салады. Ол мұның не айтпақ болғанын ә дегеннен-ақ түсінеді де үй-жайының бәрін тастап, отбасымен Ташкентке қарай қашады. Өйткені, ол жақта Мәскеуде аспирантурада бірге оқыған Хабиб Абдуллаев пен Ғани Мавлянов есімді достары бар болатын. Хабиб Абдуллаев оны жұмысқа тұрғызып, адам аяғын баспаған бетпақ далаға геологиялық зерттеу жүргізуге жібереді. Содан ізінен қуып келгендер оны таппай, кері қайтуға мәжбүр болады. Міне, содан менің нағашы атам өмірінің соңына дейін Өзбекстанда тұрған. Ол кісіге топырақ та сол жақтан бұйырды ғой».

Айтпақшы Натай Кенесариннің жұбайы Хадиша Ибрагимқызы да текті жерден шыққан екен. Әбілхайыр ханның ұрпағы Ибрагимнің қызы. Тарқатып айтсақ, Әбілхайыр ханның баласы - Ералы, ал оның баласы - Бөлекей. Одан Қасым, Қасымнан Елкей хан, Елкей ханнан Ибрагим тараған. «Оңтүстікте Кенесары ханның сізден басқа тағы ұрпағы бар ма?» деген сұраққа сұхбаттасушы: «Жалпы Кенесарының ұрпағы бүкіл қазақ жеріне кең таралған. Біз бір-бірімізбен жақын қарым-қатынаста араласамыз. Олардың көпшілігі негізінен Алматы, Қарағанды қалаларында. Мәселен, менің бауырым Мақсұт Алматыда тұрады» деп жауап берген екен.

Қабір қазушылар - «Жетісу» газеті

null 

«Екі қызметкер өз ақысын сұрай алады: оның бірі - қасапшылар болса, екіншісі - қабір қазушылар. Ауылда туып-өскеннен кейін қабірді көрші-қолаңның жігіттері жиналып қазатынын көргенбіз. Ал қалалық жерде арнайы көр қазушылар болады екен». Осылай деп жазған «Жетісу» газетінің тілшісі осы іспен айналысатындарға арнайы барып жолыққанын білдіреді. Расында, көр қазушы - «екі қолға бір күрек» деп жанын бағу, бір-екі күндік күнкөріс үшін емес, осы іске шындап кіріскендер екен.

Тілші жоғарыда өзі айтқандай Талдықорғандағы қалың қорымның біріне барып, сондағы көр қазушы мәселесінің жай-жапсарын сөз етіпті. Мақалада қабір қазушылармен әңгімеден бастап, көрдің іші-тұсы суреттеледі. Қазушылардың жұмысы, тұрмысы туралы айтылады. Көр қазушы жұмысының қиындығы, осыны кәсіп еткен кейіпкердің басынан өткен оқиғалары да келтіріледі.

«Расында, қабір қазу - сауапты істердің бірі. Шариғатта да қабір қазушыны риза ету керектігі жайлы жазылған. Олай болса, қиындықтарға қарамастан сауапты іс жасап жүрген жандардың еңбегін бағалай білейік. Қабірстан біз үшін үнсіз ғибрат мекені емес пе?!» деп жазады автор.

Баукең сүйсінген «Полтора казах». Ол кім? - «AQ JOL» газеті

null 

Мақала негізінен ұрпақ тәрбиесіне, соның ішінде балаларға батырларды дәріптеуге негізделген екен. Автор қазіргі жасөспірімнің Бэтман, Человек-паук секілді қиялдан туған сайқымазақтарын танып, айбынды ата-бабаларымызға келгенде тілі күрмелетініне қынжылады. Оған себеп ұл-қызға айтылмаған әңгімеден екен. Автор бүгінгінің батырларын да ұрпаққа үлгі ете білу керектігін меңзегендей. Ал көзі тірісінде «Полтора казах» атанып, Баукеңнің ризашылығына бөленген жуалылық Орын Сұлтанбеков жайлы не дейді? Әрине, Бауыржан Момышұлының өзі онша-мұншаны мойындай бермейтін, тік мінезді батыр. Ал оның көңілінен шыққан адамның шынында да тегін еместігін білдіреді.

Жазуынша, палуан «Полтора казах» асау сиырларды сирағынан тартып, қой құрлы көрмей құлататын, ал аяқ киімін арнайы тапсырыспен тіктіретін адам болған. Онымен түйдей құрдас ақсақалдар, тумысынан жаратылысы бөлек Орынның көкпарға деген қызығушылығы ерекше болғанын да сөз етіпті. Оның салмағының ауырлығынан астындағы атының белі қайысып жүреді екен. Ал «тас» тақымынан серкені тартып алу талайларға арман болған көрінеді. Жуалыға аты шыққан Орын Сұлтанбековтің «Полтора казах» атануы сол кезеңде ауылға қоныстанған орыстардың оның дене бітіміне таңғалып қойған екінші «есімі» екен.

«Батыр Баукеңнің «Полтора казахқа» сүйсінуі былай болған. Бұл оқиғаны бізге баяндап берген Орын ақсақалдың тұңғышы Базарбек Сұлтанбеков: «Бірде Баукең осы ауылдағы бір шаңырақта қонақта болыпты. Бауыржандай батырды мейман ету кім-кімге болсын абырой ғой. Батырға дастарқан жайған әлгі шаңырақта менің де әкем болған екен, - деп бастады ол әңгімесін. - Әкемнің елден ерекше ірілігін байқаған Батыр оны сынамақ болып: - Бұл жігіттің бітімін байқадық. Өзің құр дене, бос кеудесің бе, әлде қолыңнан іс келе ме? - депті. Сонда әкем саспастан: - Бауке, алдыңыздағы басты беріңіз, - деп жауап қатыпты. Бас қолға тиген соң, әкем қос қолдап қысып қалғанда бас күтір-күтір сынып, жаңғақша шағылған деседі көз көргендер. Әкем сынған бастың миын алып Баукеңе ұсынады. Батыр миды алып, сүйсіне қарап: - Жігітім, жарадың, ризамын! - деп разылығын білдіріпті».

Мақалада «Полтора казах» атанған палуанның өмірінен сыр шертер басқа да естеліктер, қызықты әңгімелер айтылады. Өкінішке қарай мақалаға арқау болған кейіпкердің суреті сақталмаған.

Құттығай баһадүр жайлы не білеміз? - «Ақтөбе» газеті

null 

Мақала «Ақтабан шұбырынды» заманында атақонысын қорғау үшін жан аямай күрескен Әбілқайыр хан мен оның маңайына ұйысқан біршоғыр баһадүрлер ерлігі туралы болып отыр. «Алқакөл сұламадан» кейін де «Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылып», Әжібай, Есболай билер жер-жерден қол жиып жорыққа аттанып, жан алысып, жан беріскен. Тек Ақтөбе өңірінің өзінде Есет, Бөкенбай, Арал, Алтай, Құттығай, Жұлдыз, Алыбай, тағы басқа сардарлар қансыраған жұртына жұбаныш, әлсіреген халқына таяныш бола білді. Олар Жем, Сағыз, Ойыл, Жайық аумағын Еділ қалмақтарынан тазартуға бар күшін жұмсаған еді. Осы қысылтаяңнан шығарып, елдің біртұтастығы, қалыптасуы жолында жаумен аянбай алысып, белінен бес қаруын шешпеген Құттығай сияқты баһадүрлердің есімі ұрпақтың жадында жаңғыра беру керек» деп жазады газет.

Автордың жазуынша, Құттығай батырдың нақты қай жылы туғаны, қашан дүниеден өткені белгісіз. Әйтсе де XVIII ғасырдың белесінде Құттығай есімді батырдың болғаны, оның Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың жанынан табылуының өзі көп сұраққа жауап беретіндей екен. Автор Құттығай, Алтай, Жұлдыз батырлар туралы деректер көне қолжазбалардан, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы мұрағаттардан, Алматы архивтерден және Қарақалпақстан тарихшылары қорынан кезігетінін алға тартады. Мәліметтерді саралай келе, Құттығайдың Әбілқайыр хан төңірегінде ұйысқан Есет, Бөкенбай батырлармен үзеңгілес жүрген сардар екендігіне көз жеткізгенін айтады.

«Көне шежірелерге сүйенсек, Құттығай Ебескіұлы 1710 жылдар маңында дүниеге келген деп шамалауға болады. Ол алты ата Әлімнің бір бұтағы Ақкетенің ұрпағы. Әлмәмбеттің Ебескі деген баласынан Алтай, Құттығай, Жұлдыз, Құндыз (қыз) тарайды. Ал Ебескінің анасы - Қарақыпшақ Қобыланды батырдың қарындасы Қарлығаш деп сыр шертеді бізге қазақ шежіресі. Сонымен, анықталған деректер бойынша Құттығай батыр - Алтай батырдың інісі, Әжібай би мен Арал батырдың туысы».

Мақалада архив деректеріне сүйенген автор Құттығай батырдың қайраткерлігіне назар бұрып, онымен қатысты оқиғаларды алға тартады. Құттығай баһадүрдің жауынгерлік жорықтары мен ерлік істеріне тоқталады. Мәселен, «Алтай батыр 500 сарбазын бастап, інісі Құттығай батырдың қорғауында Астрахань қаласындағы губернатор Кречетников ордасына барады. Кітапта Құттығайдың 20 түйеге арытқан жүгі бар шағын керуенді басқарып Ташкент, Самарқант, Бұхарға баратын керуен жолмен еларалық сапарға аттанғаны да жазылған. Бұдан біздің байқайтынымыз, бір әке, бір шешеден туған қос қаһарман қиын-қыстау кездерде жұп жазбаған».

«Құттығайдан Құдайберген, Дәуренбай, Айна, Баяу, Дауыл, Ілікбай, Киікбай атты жеті ұрпақ өрген. Құттығайдың Айна деген баласы да «құралайды көзге атқан» мерген болған. Осы жеті атадан өрбіген ұрпақтар елімізді әр өңіріне қоныс тепкен. Айнадан тараған тұяқтары Түрікменстанның Мары деген жеріне барып шоғырланған. Қобданың Сарыбұлақ, Әбдібұлақ атты елді мекендері осы Құттығай ұрпақтарының атақонысы болған. Әбдібұлақта Құттығай ұрпақтарынан тараған жеті хазіреттің жатуы соның айғағы. Жетеудің бірі - Айбас хазірет. Мұны қобдалықтар жақсы біледі».

Чемодандағы музей - «Сыр бойы» газеті

null 

Мақалаға ардагер-ұстаз Күләш Алматшаеваның қырық жылдық коллекциясы арқау болған. Коллекцияның өзі елу чемодандыққа жүк деседі. Әрқайсысының сырын тарқатсаң, бір тарихқа кенелесің екен. Тілші Күләш Алматшаеваның коллекция қалай жиналғанынан бастап, ондағы қызықты жайттарды сөз етеді. Айта кетерлігі, ол Мұқағали Мақатаевтың көрмесінде 19 қаладан жиылған коллекционерлер арасында бас жүлдені иеленеді.

«Елу чемодандық дүние дегенімізбен, мұнда чемоданға сыймайтын екі ғасырға жуық тарихы бар келі, ұлттық киімдер, сандық, кебеже, зергерлік бұйымдар жасайтын көрік, тулақ, бөстек, шалғы, орақ, үтік, қақпан түрлері, білте шамдар, көне ыдыс-аяқтар сақталған. Әсіресе, соғысты көрген дүниелердің жөні бөлек. 1941 жылы Алматыда жасалған қара чемодан, шинел мен бешпент, жауынгердің ыдыстары оқ пен оттан аман келген. Тіпті, немістің пышағы мен ас ішкен қасығы да осында».

null 

Айта кетерлігі, коллекционер Күләш апай шағын деректер қорын да жасақтапты.

«Коллекция жинау - белгілі бір дүниеге қызығушылықтан туған әуестік. Бірақ ол ұлтқа он есе ұпай әкелетін жәдігер болса - құнды мұра. Айталық, жеті атаңды мақтану үшін айтып жүрмейсің ғой, тегіңе нұқсан келтірмеу үшін намысқа басасың, солардан үлгі аласың, рухтанасың. Жәдігер ше? Ол да қазақы қалып, қасиетіңді еске түсіреді. Экспонатқа ықтиятты қараудың себебі - осы. Алдағы уақытта Күләш апай мұражай мұрасын чемоданға салып, ауылдарды араламақшы. Қырық жылдық коллекция құнды тарихты арқалап елге жол тартады».

Қателікке қарсы қарекет - «Қостанай таңы» газеті

null 

Қостанай қаласында «Таза қалаға - таза жарнама» атты жастар акциясы өткен екен. Мақсаты - көрнекі жарнамалардың «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарының талаптарына сәйкестігін тексеру. Яғни, қала көшелеріндегі тәртіпке қайшы, қате жазылған жарнамаларға қарсы күрес жүргізілген. «Өкінішке қарай, қателікке «саятшылық» құрған екі топ та «олжаға» кенелді. Бір жерде жазба мәтіні сауатсыз жазылған, енді біреулері қазақ және орыс тіліндегі мәтіндердің заңды орналасу тәртібін сақтамаған» деп жазады газет.

Осылайша, қаладағы қателіктерге күрес ашқан ынталы топ біраз істі тындырған. Мақалада жарнама беруші мен оны орындаушылардың арасындағы олқы тұстарға да назар аударылады. Қателерге бой алдыра бермес үшін қай мәселеге назар аударылуы керектігі де түсіндіріледі. Қателікке жол бергендердің фотолары да жарияланыпты.

«Заң талабына томпақ әрекетін түзету үшін айыпкерге екі апта уақыт беріледі. Кейін қоңырау шалып, болмаса, қайта тексеріледі. Нәтиже шықпаса, кәсіп иесінің ісі насырға шабуы әбден мүмкін. Міне, бұл рейдшілер жұмысының жұмырлана түскенін көрсетеді» деп жазады «Қостанай таңы».  

Иттеріңізді бақылауда ұстаңыз - «Маңғыстау» газеті

null 

Соңғы уақытта еліміздің бірқатар өңірлерінде құтырған ит пен мысықтың адамға қауіп төндірген фактілері тіркелген болатын. Осыған орай болса керек газетте қоғамға, адамға зияны тиюі мүмкіндігін ескертіп, осындай ақпарат жарияланыпты. «Қысқасы, ит иттігін жасайды. Мұндай иесіз иттердің өмірімізге қаншалықты қауіпті екенін біле тұра, олардың санын көбейтпеуді қазірден бастап жоюды дұрыстап қолға алған жөн. Иә, қаңғыбас иттердің көбеюіне өзіміз себепкер боламыз. Себебі, күшік кезінде асырап, бағып­-қағып, кейін өскен соң бос жібере саламыз. Осыдан келіп қаңғыбас итке айналады. Қаңғыбас иттерді және мысықтарды аулауды Мұнайлы аудандық ветеринариялық станциясы жүзеге асырады» деп жазады газет.

Мәліметке қарағанда, тұрғындар тарапынан түскен шағымдар бойынша қаңғыбас иттерді жоюға құрылған арнайы 6 бригада жұмыс жасайды. Бақылаусыз, тиісті ұстау ережелері сақталмаған ит иелеріне қатысты заң нормалары келтірілген. Заң нормалары бұзылған жағдайда салынатын айыппұлдар да қоса беріліпті.

Соңғы жаңалықтар