Батысқазақстандықтарға мерекелік марапаттар табыс етілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Салтанат сарайында ҚР Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Салтанатты жиынға қатысушыларды ең ұлық мерекемен құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Елбасымыздың бастауымен Қазақстанның, соның ішінде Батыс Қазақстан облысының көптеген табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.

null 

Осы кезеңде өңірде 60 мектеп, 80 балабақша, 105 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, 4 млн астам шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Өңірлік жалпы өнім көлемі 2300 есеге өсті. Мұндағы өнеркәсіптің арасалмағы екі есеге жуық артты. Соңғы он жылда кәсіпкерлер саны 2,5 есеге көбейді. Тек 2017 жылы 300 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Облыста 500 шақырымдай автокөлік жолдары жөнделіп, барлық қаржыландыру көздері есебінен 24 білім нысаны салынуда.

Мәдениет, спорт нысандары, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Орал, Ақсай қалаларында және аудандарда жаңа үйлер (1700 пәтер) тұрғызылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс аудандарында ауылдарды газдандыру, ауыз сумен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

null 

Өңір басшысы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан үлесі үшін бір топ батысқазақстандыққа марапаттарын табыс етті.

«Парасат» орденімен өңірге танымал еңбек ардагері, Қазталов ауданында Ақпәтер өлкетану музейін құрған Кәрім Өтеғұлов пен «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Яхия Чудров марапатталса, Орал қаласындағы «Құрылысгаз» ЖШС директоры Кәримолла Жақыпов, облыс әкімінің орынбасары Бибгүл Қонысбаева, «Фин бизнес хабы» компаниясының директоры Мұхтар Маңкеев, «КАТЭК» жобалау-инжинирингілік компаниясы» ЖШС бас директоры Құндыз Нұпов және «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли «Құрмет» орденіне ие болды.

null 

Жаңақала ауданы «Көшім» ЖШС-ның аға жылқышысы Серікқали Бөлеш, Бөрлі ауданы «Ақсайгазсервис» АҚ машинисі Ермек Ихласов және «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ электрмонтажнигі-машинисі Бисембі Өтепбергенов үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, басқа да бірқатар адамдар «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, ҚР Құрмет грамотасымен марапатталды. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония солисі Жаңылсын Хасанова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. 

null null 

Соңғы жаңалықтар