Батысқазақстандықтар Сырым Датұлының жерленген жеріне барып қайтты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сырым ауданының тарихи-танымдық экспедициясы Жымпиты-Нүкіс-Гүрлен-Үргеніш бағытында жол жүріп, Сырым Датұлының жерленген жеріне барып қайтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев елге оралған экспедиция мүшелерімен кездесті.

Экспедиция жетекшісі, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның мәлім еткеніндей, Нүкіс қаласында Өзбекстан Ғылым академиясы археологиялық зерттеу институтының ғалымдарымен дөңгелек үстел басында кездесу болып, онда Сырым батыр жайында сыр шертілді. Экспедиция мүшелері Гүрленде жерленген Ғайып ата - Сырым Датұлының мазарына барып, зиярат етті. Сапар барысында өзбекстандық ғалымдар, тарих ғылымдарының кандидаттары Асқар Жұмашев, Сәбит Нұржановтар қолғабыс тигізді.
Осыдан он жыл бұрын Батыс Қазақстанда арнайы құрылған ғылыми экспедиция нәтижесінде Сырым батырдың жерленген жері табылған еді. Батырдың мазары екі бөлмелі, келушілерге арналып, кілем, көрпе төселген. Сырымның зираты биікте орналасқан. Ал өзбектер қайтыс болған адамды төменге жерлейді екен. Зираттың да сұлбасы өзбектердікіне қарағанда өзгешелеу, қазақтың зиратына көбірек келеді. Сол жақта Міскін деген ауылда «Сырым руынанбыз» дейтін қазақтар бар екен. Міскінге бару үшін Қазақстан шекарасына қайта кіріп барып, екі жүз шақырым жол жүрген экспедиция мүшелері ол жерде шежірені білетін қарияларды ауылда болмағандықтан кездестіре алмапты. Дегенмен сұрастырып, біліп, электронды түрде хат жолдап, қолұшын созуға ниет білдіргендер табылыпты.

null

Өзбекстан Республикасының батыры, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог-тарихшы Хайреддин Қожаниязов «Қазақ жатқан» деген қорымның барын айтыпты. «Қазақ жатқан» деген қорым Нүкістен шамамен 60 шақырым жердегі Бируни ауданының аумағында екен. Оны археологтар зерттеп жатыр. Қорымға аштықтан қайтыс болған қазақтар жерленіпті. Австралия, Франция археологтарының зерттеуі нәтижесінде бұл жерден 19 қазақтың сүйегі табылған екен.

Экспедиция мүшесі, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов Қарақалпақстан азаматтарының қазақ халқына деген көзқарасы өте жақсы екенін, ол жақта Ғайып атаның қазақтың батыры Сырым екенін бәрі білетінін айтты. Біздің экспедиция мүшелерін көріп, батырдың жоқтаушылары бар екен деп қуанса керек. Сырымның зираты Ғайып ата деп алыстан, ғайыптан келіп қайтыс болып, жерленгендіктен солай аталған көрінеді. Ғайып ата қорымында қазақ батырының жерленгеніне ешкімнің дауы жоқ екен. Ол жақтағы қазақ ауылдарында Қыпшақ, Қоңырат, Әлім рулары кездеседі. Қазақстаннан барған бауырларымен құшақтасып көрісіп, елге дұғай-дұғай сәлем айтыпты.

null

Бір өкініштісі, Өзбекстанда Сырым Датұлын, Ғайып атаны зерттеп жатқан бірде-бір ғалым жоқ екен. Сырым туралы зерттеген бір ғалым жұмысын қорғап, ол жақтан қоныс аударыпты. Содан кейін Сырым Датұлын зерттеу жұмыстарын ешкім қолға алмаса керек.
Сырым Датұлының сегізінші ұрпағы Руслан Зинуллин атасының басына барып, жатқан жерін көзімен көріп, зиярат етіп келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Бабаның басына бес жыл сайын барып тұрсақ деген ұсынысын білдірді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Исанов Сырым батырды зерттеген ғалымдар туралы, Сырымның жатқан жері Өзбекстан мен Қарақалпақстанның шектесетін Гүрлен ауданында екенін айтты. Сырым бабаның басына сапар жиі ұйымдастырылып, ол жерге жастарды, оқушыларды апарса деген ұсынысын ортаға салды.

null

Ардагерлер Ерсайын Рамазанов, Сыдық Тажмұхан, Ахмет Батыршин, Гүлбақша Ерғалиевалар пікірлерін білдіріп, экспедицияның атқарған жұмысына разы болып, мұндай сапардың жалғасын тапқаны дұрыс болатындығын, Сырым батырды зерттеуді өзімізден бастау қажеттігін айтты.
Келелі әңгіме өрбіп, Сырым бабаның зираты - Ғайып ата қорымы екеніне көзді тағы бір жеткізген жиынды қорытындылаған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев Сырымды әлі де зерттеуді қолдайтынын білдірді, тиісті тапсырмалар берді. Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған республикалық деңгейдегі шараларды өткізуге бір кісідей атсалысуымыз қажеттігін айтты.

null 

Соңғы жаңалықтар