Батысқазақстандықтар Наурызды кеңінен атап өтуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Бүгін Орал қаласындағы жаңа алаңда Наурыз мейрамы кеңінен тойланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алаңға жиналған Ақ Жайық жұртшылығын облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов пен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев құттықтады.

«Ұлыстың ұлы күні - Наурыз құтты болсын, ағайын! Ауа райының салқындығына қарамастан, кеңінен тойланып жатқан Наурыз баршаға жылылық, құт-береке әкелсін. Наурыз мерекесін қазақ халқы өзге ұлт өкілдерімен бірге тойлап келеді. Осының бәрі - тәуелсіздік пен ел бірлігінің арқасы. Бірліктің нәтижесінде Қазақстан әлемнен өз орнын тауып, үлкен табыстарға қол жеткізуде. Елбасының салиқалы саясаты мен нақты бағдарламалары арқасында біз Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдыра аламыз. Бұған әр азаматтың үлес қосқаны маңызды. Наурыз әр отбасыға ырыс-береке әкелсін, еліміз дамып, гүлдене берсін!», деді сөзін мемлекеттік тілде бастаған Игорь Стексов.
null 

Алаңда жағалай киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындарға кезек берілді. «Наурыз - көктем сәлемі» атты театрландырылған мерекелік концерт қойылды.

«Концертке 200-ден астам шығармашылық ұжымдары мен жекелеген орындаушылар қатысты. Олардың арасында «Ақжайық» халықтық ән-би ансамблі, үлгілі «Қызғалдақтар», «Назерке» халықтық би ансамбльдері, «Әжелер сәлемі», «Ару аналар» ансамбльдері бар. Жұртшылыққа ұлттық тағамдар ұсынылып, халық көтеріңкі көңілмен қауышып, бір-біріне деген риясыз ниет-пейілдерін білдіріп жатты», деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Наурыз мерекесі сондай-ақ қалаға қарасты Круглоозерный, Зачаган, Желаев, Деркөл кенттерінде және барлық аудандарда аталып өтілді.

null 

Соңғы жаңалықтар