Батысқазақстандықтар Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығын кеңінен атап өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Халық композиторы, ақын әрі әнші Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған шаралар Орал қаласында басталып, туған жері Қаратөбе ауданында мәреге жетті.

Еліміздің әр жерінен арнайы келген әнші-термешілер, ҚР халық әртісі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, түркістандық Қажыбек Бекбосын, «Мәдениет майталманы» белгісінің иегері, ақтөбелік Хайдар Өтеғалиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, батысқазақстандық Қатимолла Бердіғалиев және басқа да Мұхит әндерін орындаушылар алдымен Саралжын ауылдық округінде Ақбақай қорымындағы Мұхиттің бейітіне тағзым етті. Мұнда ақ шаңқан кесене бұдан он жыл бұрын Ақтаудың ақ тасынан тұрғызылған болатын. Сонымен қатар ауылдық округ орталығы Қарақамыс ауылындағы Мұхит ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Бұдан кейін, басты мәдени-көпшілік шаралар кең даланың төсінде өтіп, оған қатысушыларды Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров құттықтады.

«Биыл Мұхит бабамыздың 175 жылдығы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық болмысымызды сақтап, салт-дәстүрімізді насихаттап, ақындарды ардақтап, батырларымызды ұлықтаудан жалықпайтын халқымыздың мәртебесі қашанда биік. Қазіргі таңда ұрпақтарының қолы жеткен азаттықты аңсап өткен ұлы бабаларымыз аз болмаған. Соның бірі өнер саласында өшпес із қалдырған жезтаңдай әнші, халық композиторы, кең байтақ даламыздың бұлбұлы Мұхит Мерәліұлы екендігі анық. Оның өлмес мұрасын насихаттау арқылы біз мәңгілік елге бағыт ұстап, нық қадаммен алға аса беретін боламыз», деді аудан басшысы.

Салтанатты шарада сондай-ақ БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, ҚР халық әртісі Қажыбек Бекбосын, сал Мұхиттың ұрпағы Әсия Мұхитова сөз алып, жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Қазақстан өңірлерінен келген әншілер Мұхиттың әндерін әуелете шырқап, кең даланы жаңғыртты. «Сары дала сағынышы - сал Мұхит» атты өнер фестиваліне қатысушылардың барлығына кәдесыйлар ұсынылды.

Бұдан кейін баба мерейтойы спорттық ойындар мен дала қызықтарына жалғасып, жеңімпаздар ақшалай және заттай сыйлықтарға ие болды. Мысалы, 25 шақырымдық аламан бәйгеде аты озып келген Сырым ауданы Көздіқара ауылының тұрғыны Серік Мүтиевке 1 млн. теңге табыс етілді.




Соңғы жаңалықтар