Батысқазақстандық жастар жаңа жобаларды қолға алып отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің «Бастау» коворкинг орталығында өткен жастармен кездесуінде жаңа жобалар ортаға салынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ашық алаң түрінде өткен кездесуде өңір басшысы жастармен еркін әңгімелесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық ұсынған жобаның бірі - «Жетістікке 100 қадам». Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, көшбасшылық, өзін-өзі дамыту, кәсіпкерлікті қолға алу тақырыптарындағы жастарға арналған 100 үздік кітаптың тізімі жасалмақшы. Содан кейін бұл кітаптар демеушілердің көмегімен сатып алынып, коворкинг орталықтарында, қала мен ауыл кітапханаларында қойылады.

Облыс әкіміне сондай-ақ «Бойжеткен» клубының жобасы таныстырылды. Жоба мақсаты - ұлттық салт-дәстүрлер негізінде қазіргі қоғамдағы қыздар тәрбиесіне үлес қосу.

«Бастау» коворкинг орталығында робот техникасы, ағылшын тілі, тігін өнері мен қолөнер, домбыра тартуға үйрету бойынша шеберлік сағаттары тегін жүргізілуде. «Жастар назарына!» жобасы әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттық роликтер мен буклеттер, коворкинг орталықтарында стенділерді дайындап, орналастыруға бағытталған.

Кездесуде жас кәсіпкерлер, шығармашыл белсенді жастар мен блогерлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Облыс әкімі қала мен ауылда болсын, жастардың өз істерін қолға алып, дамытуына барлық жағдай жасалып отырғанын, осы орайда тың жобаларды қолдайтынын жеткізді.

Айта кетейік, өңірде 14-29 жас аралығында 140 мыңнан астам жас бар, бұл облыс халқының 21 пайызын құрайды. Соның ішінде 30508-і өңірдегі төрт жоғары оқу орнында, 19 мыңы 38 арнаулы орта оқу орындарында білім алуда. Облыста 89 жастар қоғамдық бірлестіктері қызмет етеді.

Соңғы жаңалықтар