Батысқазақстандық тілші «Қазақстанның құрметті журналисі» атанды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Белгілі журналист, 100 жылдық тарихы бар Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Есенжол Қыстаубаевқа «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Биыл 63 жасқа толатын Есенжол Жұмағұлұлы «Орал өңірі» газетінде 1977 жылдан бері, яғни қырық жыл бойы табан аудармастан қызмет атқарып келеді. Аудармашы, тілшіліктен 2004 жылы бас редактордың орынбасарлығына дейін көтерілген тәжірибелі журналист түрлі тақырыптарға өзі де қалам сілтеумен бірге кейінгі буын жастардан ақыл-кеңесін аяған емес.

Ұзақ жылғы қажырлы да өнімді еңбегі үшін ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен, ҚР Мәдениет қайраткері белгісімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған қаламгер әр жылдары журналистер арасында жарияланған байқау-бәйгелердің де жеңімпазы болды.

Тілі нәрлі, қаламы қарымды Есенжол Қыстаубаевты Ақ Жайық жұртшылығы жақсы біледі. Әсіресе, оқырмандар оның сын мақалаларын іздеп жүріп оқиды. Биылдың өзінде ауылдардағы қарапайым тұрғындарды опық жегізіп отырған мал ұрлығы, оған қатысы бар полиция қызметкерлері туралы сериялық жарияланымдары серпіліс туғызып, облыстық ішкі істер департаментінде арнайы жиын өткізуге түрткі болды. Ол сондай-ақ көркем әңгіме жазумен айналысады, оқиғаларды қаз-қалпында суреттеуге шебер. Алдағы шілде айында ғасырлық тойы аталып өтілетін «Орал өңірі» газетінің арғы-бергі тарихын түгендеуге де өзінің сүбелі үлесін қосты. 

Соңғы жаңалықтар