Батысқазақстандық тәртіп сақшыларына жиырма автокөліктің кілті табыс етілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік мерекесіне орай батысқазақстандық тәртіп сақшыларына жиырма автокөліктің кілті табыс етілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, салтанатты сапқа тұрған департаменттің жеке құрамын облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов еліміздегі ең ұлық мейраммен құттықтады. «Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің басты міндеті - азаматтардың конституциялық құқығы мен еркіндігін қамтамасыз ету. Сондықтан ішкі істер органдарын материалдық-техникалық жағынан нығайту ерекше маңызды. Осы орайда бюджет есебінен тағы да жиырма автокөлік алынып отыр», - деді ол.

Жаңа көліктер департаменттің кезекші бөліміне, департамент пен Орал қалалық ішкі істер басқармасының жол-патрульдік батальондарына, шаһардағы ювенальды полицияға тапсырылды. Сондай-ақ атты әскер взводына екі ат тасымалдайтын көлік және бір эвакуатор берілді.

null 

Тәртіп сақшыларын департамент бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Аблазимов та құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Шара барысында байқау қорытындысымен үздік учаскелік полиция инспекторларына облыс әкімі атынан грамоталар табыс етілді. Атап айтқанда, Шыңғырлау аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Иван Кива, Орал қаласынан полиция майоры Жәнібек Дүйсімов, Ақжайықтан полиция майоры Нұрлан Ғабдушев, Бөрліден полиция капитаны Жеңіс Жұмашев үздік атанды.

null 

Соңғы жаңалықтар