Батысқазақстандық «Мұрагер» театры халықаралық фестивальда жүлделі орынды иеленді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақсай қаласынан барған «Мұрагер» театры мен оның тәрбиеленушілері Атырауда мәреге жеткен ІІІ халықаралық «Жадыра, жас дарын!» фестиваль-байқауында жүлделі орындарды иеленді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

«Мұрагер» театрының режиссері әрі жетекшісі Әсел Молдағалиеваның айтуынша, Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық академияда және Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясында өткен додаға Қазақстан облыстарынан тоғыз театр қатысып, бақ сынады.



«Жадыра, жас дарын!» қоғамдық қоры (төрайымы Сара Жаманбайқызы) ұйымдастырған байқауда үлкен топтағылар арасында Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық академия бірінші орынды иеленсе, «Мұрагер» театры екінші жүлдені еншіледі. «Мұрагер» театры Болат Ұзақовтың «Үміт» психологиялық драмасын сахналады.

Сонымен қатар көркем сөз жанрынан жоғары топтағылар арасынан «Мұрагер» театрының тәрбиеленушілері Биболат Ғайнолла бірінші, Әсемгүл Ерғалиева мен Нұрболат Бимағамбетов үшінші орынға ие болды. Ал кіші топтағылардан Әлихан Тасболатов дипломант атанды. Айта кетейік, дәстүрлі өнер байқауына Ресейдің Астрахан қаласынан келген мамандар да қатысты.

Соңғы жаңалықтар