Батысқазақстандық «Дала дидары» ұжымы Маңғыстауда өнер көрсетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы Маңғыстау облысында өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы (директоры, ақын Бауыржан Халиолла) жанынан құрылған аталған ұжым алдымен Жаңаөзен, содан кейін Ақтау қаласында концерт қойды. Жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин тізгінін ұстаған кеште Жайық елінің сағыныш-сәлемін «Ақ Жайық» әнімен Дастан Есентеміров жеткізсе, Жаскелең Ғайсағалиев «Сыған серенадасын» әуелете шырқады. Гүлзада Ахметова «Тамды аруын» тамылжытса, Ерлан Қуанышев «Кездер-ай» әнін шынайы сезіммен салды. Ернар Өмірәлі «Қазақ осы...» деп халықтың барша қасиет-қырын ашып берді. Басқа әншілер де олардан қалысқан жоқ.
null

Кештерде Қадыр ақынның сөздеріне жазылған әндер орындалып қана қойған жоқ. Қазақтың ұлы ақыны туралы ғибратты әңгімелер айтылды. Әсіресе, осы өнер сапарында бірге жүрген белгілі ақындар, Мемлекеттік сыйлықтың және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов пен Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Светқали Нұржан шешіле де көсіле сөйлеп, Қадыр жырларының мәңгілік жасай беретіндігін шебер жеткізді. «Қадекең исі Алашқа ортақ ақын. Оның қай жырын алып қарамайық, қазақтың кез келген жеріне арналды деуге болады. Халықтың қадір-қасиетін Қадырдан артық жырлаған ақын жоқ. Оның сөздеріне үш жүзден астам ән жазылған екен. Міне, бұл  бір ғана Қадырдың шығармашылығын насихаттау сияқты болып көрінгенімен, түптеп келгенде, қазақ деген ұлттың рухани мұрасын халыққа жеткізу болып табылады. Мұндай шаралар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсат-мұратымен толық үндеседі», деді Е.Раушанов.
null

Ақтаудағы кеш соңында Маңғыстау өңірінің басшысы Ералы Тоғжановтың атынан сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов та сөздің майын тамызып, Маңғыстау елін бір серпілтіп тастаған «Дала дидары» ұжымына ризашылығын білдірді.

Қос өңірдің арасындағы мұндай рухани-мәдени байланыс бұдан кейін де жалғасатын болады.

Айта кетейік, ашылғанына үш жылға жетер-жетпес уақыт болған Қадыр Мырза Әли атындағы орталық қолға алған жобаның бірі - осы «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы. Қадыр ақынның шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында «Дала дидары» бұған дейін Орал қаласы мен өңір аудандарынан бөлек, көршілес Атырау облысында да болып, өз өнерлерін көрсеткен еді.
nullnull

Соңғы жаңалықтар