Батысқазақстандық балғын боксшылар ел чемпионатынан үлкен табыспен оралды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық спортшылар Қостанай қаласында 2003-2004 жылғы жасөспірімдер арасында бокстан өткен ҚР чемпионатынан үлкен табыспен оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бокстан жасөспірімдер арасындағы БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Ернар Нұриденовтің айтуынша, облыстан барған сегіз боксшының төртеуі жеңімпаз-жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Санжар Марксов 36 кг салмақта чемпион атанды. Оны спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының бапкерлері Ернар Нұриденов, Денис Князев және Ержан Киндихов жаттықтырады. Алғашқы ұстазы - Қазталов ауданы Бостандық ауылынан Асланбек Сармалаев. Сол секілді балалар мен жасөспірімдер бокс спорт мектебінің (БЖБСМ) шәкірті Бейбіт Ибатов 54 кг салмақта ешкімге дес бермеді. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуаныш Уахасов баптайды.

Оған қоса БЖБСМ-нан барған Қайсар Қиясов (бапкері Азамат Сұлтанов) 42 кг, Мұхамед Ораш (жаттықтырушылары Ержан Кәрімов пен Арман Рахметов) 44 кг салмақта финалға дейін жетіп, күміс медальді еншіледі.

«Осылайша, балғын боксшыларымыз екі алтын, қос күміс жүлдеге ие болып, облыс тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Енді оқу-жаттығу жиындары өтіп, сонда ел намысын қорғайтын құрама мүшелері белгілі болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Е.Нұриденов.

Соңғы жаңалықтар