Батысқазақстандық әнші жастардан жаңа «ТАУАН» тобы құрылды (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақ эстрадасында жаңа «ТАУАН» тобы құрылып, сахна төрінен көріне бастады.

Астана қаласында тұратын топ продюсері, теледидар саласында тәжірибесі бар, «Хабар» агенттігі көрерменге ұсынған «Жігіт сұлтаны», «Ду думан», «Айбын» сынды ірі жобаларға продюсерлік еткен Асқар Мағзұмовтың айтуынша, «ТАУАН» «биікке бекіну, тау асу, шыңға өрлеу» дегенді білдіреді, топты құрудағы межелі мақсат та осы - «ән өлкесінің биік белестерін бағындыру».

Топ құрамындағы жігіттердің екеуі де - Батыс Қазақстан облысынан. Саржан Айымбек Қазталов ауданында өмірге келсе, Армат Амандықов - Қаратөбенің тумасы. Қарап отырсақ, екеуінде ән айтудан өзге де сәйкес дүние көп. Екеуі де ел Тәуелсіздігінің ақ таңында өмірге келген, екеуі де отбасындағы екі баланың бірі тұңғышы, бірі кенжесі, екеуінің да аналары балабақшада қызмет етеді, екеуінің де әкелері - қолынан домбыра түспеген дәстүрлі әннің өкілдері.

Айымбек Қазталов орта мектебін бітіріп, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің тарих факультетін тәмамдаған. Алайда бала кезінен әнге деген құмарлығы оны өнер әлеміне алып келді. Бұл салада өз өнерімен талай бәйгеде бақ сынап, топ жарып үлгерді. 2011 жылы облыстық «Дала дарындары» байқауының екінші орынды еншілесе, 2012 жылы халықаралық «На Николаевской 2012» фестивалінің бас жүлдегері. 2013 жылы Е.Хасанғалиев атындағы халықаралық «Атамекен» байқауында жүлделі үштіктің қатарынан көрінсе, 2014 жылы К.Дүйсекеев атындағы «Туған жер» республикалық ән байқауында арнайы жүлдеге ие болды. 2015 жылы өткен Б.Оралұлы атындағы «Жерім менің» деп аталатын халықаралық бәйгеде бірінші орынға көтерілді.

Армат Амандықов та - бала күнінен өнердің ортасынан табыла білген дарын иесі. Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінде домбыра сыныбын ұстазы Асқар Кенжеғалиевтан тәмамдайды. Бұл жолда биік белесті мақсат тұтқан Армат армандарын арқалап, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түседі. Іргелі оқу ордасында «музыкалық драма театры актеры» мамандығы бойынша талай дарынды тәрбиелеген ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Әлімбек Оразбеков, Қадыр Қашқабай сынды өнер майталмандарынан тәлім алады. Актер ретінде тұсаукесер жобалары да жоқ емес. «Хабар» агенттігінің тапсыры бойынша 2015 жылы Тәуелсіздікке тарту ретінде ұсынған ресжиссер Мұрат Бидосовтың «Ақылдың кілті» телеэпопеясында Мергенбайдың рөлін сәтті сомдайды. Ал мектеп оқушысы кезінде көптеген ән-күй бауқауларында бақ сынаған. 2009 жылы «Күйші Дәулеткерей» республикалық байқауында дипломант атанса, 2010 жылы облыстық «Әлия - Мәншүк» патриоттық әндер конкурсында бас жүлдені иемденеді. Көптеген респуликалық ән байқауларында да бақ сынайды. 2013 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасы ұсынған «Қазақстан дауысы» жобасына қатысып, Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студиясында» музыкалық топтың солисі ретінде тәжірибе жинақтады.

«Арман жолына деген сапарларын жігіттер батысқазақстандық ақын, тележурналист Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған Рауль Бишаевтың әні «Арман жолымен» бастады. Басқа тың туындыларды да жарыққа шығару жоспарлануда. Қазірдің өзінде концерттерге қатысып, әндерін халыққа ұсынып үлгерген топқа халықтың, әсіресе, жастардың ықыласы ерекше болды», деді А.Мағзұмов.

Айта кетейік, Асқар Мағзұмовтың өзі де Батыс Қазақстан облысынан. Талай талант түлеп ұшқан тарихи Бөкей ордасы ауданында туып-өскен.
null
null
null
null
null
null

Соңғы жаңалықтар