Батыс Қазақстанда «Туристік марафон» жобасы жүзеге асырылмақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысында «Туристік марафон» жобасы жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Салтанат Тұманбаеваның айтуынша, өткен жылы 6 арнайы жоба, 4 кіші бағдарлама және 12 базалық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілсе, биыл тағы да кіші бағдарламалар қосылмақшы. 2017 жылы 143 шараны өткізуге меценаттар қаржысы есебінен 2 млрд 377 млн теңге жұмсалса, биылға 174 шара жоспарланып отыр.

Жобалық кеңсенің әкімгері Мұхтар Дәулетжановтың сөзіне қарағанда, биылдан бастап жүзеге асырылатын «Туристік марафон» жобасы аясында 87 мың бала өлкетанумен қамтылмақ. Яғни олар екі жылдың ішінде өз ауылының, ауданы мен облысының көрікті жерлерін аралап, оған қоса Қазақстанның киелі орындарына сапар шегеді. Өйткені қазақстандық патриотизмнің негізі туған жерге деген сүйіспеншілік арқылы қалыптасады.

2017 жылдың аяғында Оралда облыстық «Жомарт жүрек байқауы қорытындыланып, 22 меценат туған ауылдарын дамытуға қосқан үлестері үшін түрлі аталымдармен марапатталды. Осы демеушілердің күшімен 2018 жылы өңірде жалпы құны 1 млрд 513 млн теңгені құрайтын 247 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Соның бірі - Шыңғырлау ауданындағы Шыңғырлау өзенінде автокөлік өтетін көпір (құны - 7 млн теңге) пайдалануға берілді.

2018 жылы «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында дәстүрге айналған жобалармен қатар жаңа, тың бастамалар қолға алынбақ. Олардың ішінен «Заманауи дәрістер», «Мейірімді көктем» акциясы, «Бастау» коворкинг орталығы, «Елім менің» жастар коалициясының қызметі, «Гүлдене бер, туған ел» және «Таза қала» шараларын ерекше атап өтуге болады.

Кеңсе менеджері Гүлсім Усағалиеваның мәлім еткеніндей, «Қасиетті Қазақстан» бағыты бойынша да жұмыстар жалғасатын болады. Бұған дейін Сырым ауданындағы Алашорда музейіне күрделі жөндеу жүргізіліп, жалпы құны  22,914 млн теңгеге экспозициялар толық жаңартылған еді. Енді биыл демеушілер қаржысы есебінен Жәнібек ауданында Ғұмар Қарашқа 8 млн теңгеге кесене тұрғызылмақ. Бұдан бөлек жыл ішінде көптеген кешенді іс-шаралар қолға алынып, ғылыми-зерттеу бағытындағы экспедициялар ұйымдастырылып, инфрақұрылым жасақталады.

Тағы бір айта кететін жайт, ұлттық кодты насихаттау мақсатында облыс мектептерінде домбыра сабақтары берілуде. Биылғы мамыр айының екінші онкүндігінде Орал қаласындағы басты алаңда ұлы күйші Құрманғазының шығармасын бір мезгілде көп домбырашылардың орындауы бойынша флешмоб өтпекші.

null 

Соңғы жаңалықтар