Батыс Қазақстанда тұрғын үйлермен қоса 8 жаңа мектеп салынуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларына сәйкес салынып жатқан тұрғын үйлер және «Сарытау» шағынауданы мен Деркөлдегі жаңа мектептер құрылысымен танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.



Өңір басшысының айтуынша, биыл қос бағдарлама аясында құрылыс жұмыстарына 20,9 млрд. теңге қарастырылып, 9 құрылыс компаниясы жұмыс жасауда. 450-ден астам адам жұмысқа орналастырылса, құрылыс материалдарының 60 пайыздан астамы жергілікті жерден алынуда.

Құрылысы жүріп жатқан 15 тұрғын үйдің (2041 пәтер) 11-і биыл пайдалануға берілмекші, қалғаны келесі жылы аяқталады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына, кезекте тұрғандарға және апатты үйлер тұрғындарына арналған үйлерді салып жатқан мердігер ұйымдар басшылары жұмыстың кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Облыс басшысы барлық құрылыс жұмыстарын сапалы атқаруды, соның ішінде аулаларды абаттандыру, тротуар, паркинг, кіреберіс жолдарды реттеуді уақтылы жасауды тапсырды. Құрылыс материалдары мен жиһаз шығаратын кәсіпорындар өкілдерімен де кездесу болды.



«Биыл облыста көпқабатты тұрғын үйлермен бірге 3 мыңнан астам оқушыға есептелген 8 мектеп құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандардың өңір үшін маңызы зор. Біріншіден, құрылыспен айналысатын кәсіпорындар өндіріс көлемімен қамтамасыз етілсе, екіншіден, құрылыс материалдары мен корпустық және жұмсақ жиһаз шығаратындар өз өнімдерін өткізуге мүмкіндік алды. Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жұмыстар атқарылуда. Мысалы, білім саласында апаттық жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі шешілуде. Инфрақұрылым дамып, қатқыл табанды жолдар салынуда. Бір ғана Деркөл ауылында 27 көше толықтай асфальтталады. Соңғы кезде Зачаган кентінде көп қабатты үйлер саны артып келеді. Сондай-ақ облыстың сегіз ауданында 240 пәтерге тең үйлер салынуда. Аудандарда 3 мыңнан астам жер телімі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке үй салу үшін кезекте тұрғандарға беріледі. Жұмыс көлемі ауқымды, осының бәрін сапалы да мерзімінде атқара білу керек», деді әкім.




Соңғы жаңалықтар