Батыс Қазақстанда Тәуелсіздік мейрамына орай 95 нысан ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында Тәуелсіздік күніне орай үш нысан ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Алдымен апатты жағдайдағы ғимараттың орнына салынған №4 орта мектеп пайдалануға берілді. 300 орындық мектеп құрылысына 950,6 млн теңге бөлінді.
null  

Оның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аудан-ауылдарды айтпағанда, Орал қаласының өзінде төрт бірдей мектеп салынуда. Уақытша басқа мектепте оқып келген №4 мектеп шәкірттері алдағы қаңтар айынан жаңа ғимаратта білім алмақшы.

Әкімнің айтуынша, сонымен қатар жаңа мектепке апаратын жолға асфальт та төселетін болады. Болашақта қаладағы барлық мектепке апаратын жолдар осылай жаңартылады.
null 

Бүгін облыс орталығында «Рухани жаңғыру» музейі өз есігін айқара ашты. Облыс басшысының мәлім еткеніндей, 1893 жылы салынған тариғи ғимаратты кәсіпкер Мұратбек Мұхамбедиев өз қаражатына қалпына келтіріп берді. Қазақстанның киелі орындарының қатарына Батыс Қазақстан облысынан алты нысанның енгізілгені белгілі. Мысалы, Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені Оралдан алты жүз шақырымдай қашықтықта орналасқан. Енді «Рухани жаңғыру» музейіне келгендер аталмыш кешеннің көрінісін де тамашалай алады.
null null 

Орал қаласында іске қосылған нысанның бірі - 9 қабатты, 180 пәтерлік тұрғын үй.

Алтай Көлгіновтің сөзіне қарағанда, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Орал мен Ақсайда 14 көп қабатты және сегіз ауданда 188 үй салынуда. Барлығы 1700 пәтер болса, соның 1 500-і пайдалануға берілді.

Облыс басшысы жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, қоныс иелеріне жаңа пәтер кілттерін табыс етті.

Айта кетейік, Тәуелсіздік күніне орай өңірде барлығы 95 нысан ашылды. Соның ішінде 337 отбасы баспаналы болса, сегіз бірдей әлеуметтік нысан іске қосылды.
 null  null  

Соңғы жаңалықтар