Батыс Қазақстанда «Сұлу сөздің сардарлары» марапатталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында ақын Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына арналған «Сағынғалидің сырлы әлемі» атты салтанатты шара барысында «Сұлу сөздің сардары» атты аймақтық байқаудың қорытындысы жария етіліп, жеңімпаз-жүлдегерлер марапатталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.



Байқауға барлығы 200-ден астам жұмыс түсіп, оны арнайы құрылған қазылар алқасы саралап, бағалады.

«Өлең боп ақын өрілсе...» атты Сағынғали Сейітовке арналып жазылған өлеңдер аталымы бойынша бас жүлдені оралдық жас талант, қазіргі кезде Алматыда оқып жатқан Мәрлен Ғилымхан жеңіп алды. Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінің тілшісі Бекболат Қаленов - бірінші, ақжайықтық ақын Сағынтай Бисенғалиев пен Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі Әділет Орынбасаров - екінші, атыраулық Рахымжан Орынбасаров пен Жәнібек ауданынан Оралбек Ысқақ үшінші орынға ие болды.



Ақын өлеңдерін «Ақ-жауын жыры төгілсе...» атты мәнерлеп оқу аталымы бойынша бас жүлде Орал қаласындағы №30 мектептің оқушысы Азамат Нұрлыбекке бұйырды. Атырау облысы Құрманғазы ауданынан Елдос Құлшаров - бірінші, жәнібектік Ақнұр Азаматова мен жаңақалалық Манас Болатов - екінші, оралдық Мархабат Серіков пен Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-гимназия шәкірті Айару Әділ үшінші орынға көтерілді.



С.Сейітовтің өмірі мен шығармашылығынан «Таланты тау боп көрінсе...» атты кітапханалар арасындағы әдістемелік құралдар шығару аталымы бойынша БҚО зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасының әдіскері Ләззат Абдолова бас жүлдені еншіледі. Сондай-ақ Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі балалар кітапханасының қызметкері Ботакөз Айтмағамбетова, Сақтаған Бәйішов атындағы Ақтөбе облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Гуля Сейітова, Атырау облысы, Жылыой ауданы Құлсары қалалық кітапхана директорының орынбасары Балзия Кенжебекова тиісінше бірінші, екінші және үшінші орындарды бөлісті. 

Соңғы жаңалықтар