Батыс Қазақстанда өрт салдарынан сегіз адам көз жұмды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Биылғы жыл басынан 14 қарашаға дейін Батыс Қазақстан облысында өрттен сегіз адам көз жұмды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу қызметі басқармасы басшысының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Амангелді Ешмұханов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, сонымен қатар өрт салдарынан 3 адам жарақат алса, 17-сі иіс тиіп уланған. Оған қоса өрт шықпаса да, 13 адам табиғи газдан уланған. Тек 15 қыркүйектен бері тұрғын үйлерде 80-ге жуық өрт шығып, 2 адам зардап шекті, тағы екеуі жарақат алды.

«Адамдар үшін ең қауіптісі - көмірқышқыл газы. Бұл түссіз, иіссіз, дәмсіз газ болғандықтан, органолептикалық жағынан ауада анықталмайды. Ол кез келген жалын, көлік қозғалтқышынан, реттелмеген пеш, пәтердегі және өзге де орындардағы газ құбырларының зақымдануынан шығуы мүмкін. Оның қаупі, әсіресе, жылу беру маусымында күшейеді», - деді А.Ешмұханов.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрбану Сатыбалдиеваның берген мәліметіне қарағанда, жылу беру маусымы ойдағыдай өтуде. Маусым басталғанға дейін өңірдегі әлеуметтік нысандарға (640 білім беру, 397 денсаулық сақтау, 383 әлеуметтік нысан) 4,2 мың тонна көмір, 1 мың тонна сұйық отын жеткізілді. Күні бүгін ҚР Энергетика министрлігі «Жайықжылуқуат» АҚ-ға қосымша 1500 тонна мазут бөлу мәселесін қарастыруда.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан филиалы облыс тұрғындарына табиғи газды жеткізіп, сатумен шұғылданады. Филиалға қарасты газ құбырларының жалпы ұзындығы - 6968,3 км.

«Тұрғындар арасында жүргізіліп жатқан түсінік жұмыстарына қарамастан, қайғылы жағдайлар орын алуда. Мысалы, өткен жылу беру маусымында (2016-2017) облыста көмірқышқыл газбен үш адам уланып, екі адам қаза тапты. Сондай-ақ биылғы жылу беру маусымы басталғаннан бері екі бірдей қайғылы оқиға тіркелді», - деді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ БҚФ директорының бірінші орынбасары Асылбек Қайбалиев.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар