Батыс Қазақстанда Мұстақым Ықсановтың 90 жылдығына арналған шаралар басталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мемлекет және қоғам қайраткері, өңірді он бір жыл бойы басқарған Мұстақым Ықсановтың (1926-1991) 90 жылдығына арналған шаралар басталды. Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің машина жасау факультетінде М.Ықсанов атындағы дәрісхана ашылып, атаулы шәкіртақы белгіленді.

Қайраткермен жұмыстас болған еңбек ардагерлері, оқу орнының ұстаздары мен студенттері қатысқан шарада университет ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев болашақ инженерлер мен құрылысшыларға Мұстақым Ықсановтың өнегелі өмірі жөнінде әңгімелеп берді. Мұстақым Біләлұлы Ақ Жайық өңірін түлетумен қатар Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің (ол кезде ауыл шаруашылығы институты) қалыптасуы мен дамуына үлкен еңбек сіңірді. Қазақстанның батыс өңірінен келген жастардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау мақсатында қала шетінен Студенттер қалашығы салынды. Құрылыс барысын қадағалап, студенттерге арналған 800 орындық акт залын салу үшін мамандарды Мәскеу қаласынан алдырды.

М.Ықсановпен ұзақ жыл қызметтес болған еңбек ардагері Роза Көжекова қайраткердің инженер және құрылысшы кадрларын өз өңірімізде даярласақ деген асқақ арманының жүзеге асқанына қуанышты екендігін жеткізді. Қатардағы құрылысшыдан бастап көрнекті мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген Мұстақым Ықсанов облысты басқарған мезгілде, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы, рухани түлеуі өз алдына, әсіресе, Орал қаласында құрылыс қарқынды дамып, көптеген нысандар салынды. Кеңес дәуірінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде Орал қазақыланып, жаңа ғимараттарға қазақ атаулары берілді. Жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жастардың ғылым жолына түсуіне де қолдау көрсетілді.

М.Ықсанов атындағы қордың төрағасы Асқар Атаев көрнекті тұлғаның 90 жылдығына орай тындырылған жұмыстардан хабардар етті. Ал М.Ықсанов атындағы атаулы шәкіртақы иегері атанған машина жасау факультетінің 4-курс студенті Жалғас Ұзақбаев осынау құрмет-сенімді ақтайтынын, тәуелсіз еліміздің одан әрі гүлденуіне болашақта өз үлесін қосатынын жеткізді.

Айта кетейік, М.Ықсановтың 90 жылдығына арналған шаралар ертең туған жері Жәнібек ауданында жалғасады. 

null null 

Соңғы жаңалықтар