Батыс Қазақстанда қой шаруашылығын дамытуға көңіл бөлінуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қой шаруашылығын дамыту бағытында нақты шаралар қолға алынбақ. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында «Қой еті экспорты және облыстағы қой шаруашылығын дамыту» тақырыбында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалық етуімен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Онда А.Өтеғұловтың мәлім еткеніндей, өңірде қой басын өсіруге мүмкіндік мол. Қазіргі таңда облыста1 млн 435 мың бас қой-ешкі бар, бұл өткен жылғыдан 2,5 пайызға артық. Асыл тұқымды қой өсіретін шаруашылық саны 11-ге, мұндағы мал басы 32 500-ге жеткенімен, бұл өте аз.
null

Жыл сайын облыста 16 700 тонна (сойыс салмағымен 7 600 тонна) қой еті өндіріледі. Соның ішінде «Батыс Марқа Ламб» ЖШС қой еті өнімдерін Ресей мен Иранға шығаруда. Таяуда Қытайдың Наньин қаласында өткен аймақаралық форум аясында аталмыш кәсіпорын мен қытайлық компания арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.  Келісімге сәйкес Батыс Қазақстанда 30 мың бас ұсақ мал бордақылайтын алаң салу көзделуде. Содан кейін мұнда өсірілген мал «Батыс Марқа Ламб» ЖШС ет кешенінде сойылып, Қытайға жөнелтілетін болады. Яғни Қытайда қой, сиыр және жылқы етіне деген сұраныс мол. Жуырда Қазақстан Қытайға қой етін жөнелту жөнінде сертификат алатын болады.

Былайша айтқанда, батысқазақстандықтар кооперативтер құру, мал тұқымын асылдандыру арқылы қой етін алыс-жақын шет елдерге экспорттауға мүмкіндік алып отыр. Күні бүгін «Батыс Марқа Ламб» кәсіпорнынан басқа қой етін экспорттау жөнінде сертификаты бар «Кублей» ЖШС да бұл іске бет бұрды.
null

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиевтің айтуынша, барлық аудандардан ұсыныс-пікір жинақталғаннан кейін мал, соның ішінде қой шаруашылығын дамытудың шағын бағдарламасы мен экспорттық әлеуетті арттырудың стратегиясы жасалатын болады.

Бұл ретте мемлекет тарапынан қолдау да бар. Мысалы, биыл облысқа агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бюджеттен 9 571,3 млн теңге бөлінсе, соның ішінде мал шаруашылығына 3 420,6 млн теңге бағытталып отыр. Осының 270 млн теңгесі қой шаруашылығын дамытуға жұмсалуда.

Айта кетейік, өткен жылы 134 тонна қой еті Ресейге шығарылса, биыл 189 тонна қой еті Ресей мен Иранға жөнелтілді. 

Соңғы жаңалықтар