Батыс Қазақстанда қос бірдей автожолды ақылы ету көзделуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстанда қос бірдей автожолды ақылы ету көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медет Шақаевтың бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлім еткеніндей, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі 2022 жылға дейін Орал-Тасқала және Самара-Шымкент күре жолдарын ақылы етуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар облыстық басқарма мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында биыл облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолын 5 жыл мерзімге сервистік қамтамасыз ету пилоттық жобасын қолға алды. Конкурс жеңімпазы «Жолаушы-Жол» ЖШС-мен 1 млрд 177,555 млн астам теңгеге келісімшарт жасалды. Бұл ретте атап өтетін жайт, қызмет көрсету мерзімін ұлғайту кәсіпорынға жаңа техника мен жабдықтар алып, дамуына мүмкіндік береді. Басқа облыстық жолдар қызмет көрсетуге үш жыл мерзімге берілді.

Айта кетейік, Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 23,2 млрд теңгеге қайта жаңғыртылып жатқаны белгілі. Биыл осы бағыттағы 56,3 км жол қайта салынбақшы. Бұған күні бүгін 4,9 млрд теңге бөлінген. Жыл ішінде қосымша қаржыландырылатын болады.

Жалпы, 2018 жылы 28,3 млрд теңгеге 436 км жолды жөндеу көзделуде. Соның ішінде республикалық маңызы бар 282 км жолға 10,8 млрд теңге қаралды. Облыстық маңызы бар жолдарды (76,5 км) жөндеуге 7,4 млрд теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендер көшелерін (40,6 км) жөндеуге 4,2 млрд теңге бөлінді. Орал қаласының көшелерін (37 км) жөндеуге 6 млрд теңге кетпек.

Осылайша жыл соңында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожол үлесін 28,5 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар