Батыс Қазақстанда қар тазалауға студенттер мен еріктілер тартылуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстанда су тасқынына қарсы шараларға әскери қызметкерлер, студенттер мен еріктілер жұмылдырылуда. Бұл туралы БҚО әкімдігінде өткен жедел штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашевтің сөзіне қарағанда, негізгі қауіп өзендерден емес, қар суы мен жауын-шашынның көптігінен туындап отыр.

Ж.Жұмашев мәлім еткеніндей, өзендер мен су қоймаларында мұздың қалыңдығында өзгеріс жоқ. Жайықта 35 см, Деркөлде 62 см, басқа шағын өзендерде мұздың беті жіпси бастағанымен, кей жерлерде 74 сантиметрге жетеді. Қардың биіктігі Тасқала ауданында - 65 см. Ал тоңның қалыңдығы Шыңғырлауда 139 сантиметрге жетсе, Тасқалада 51 см ғана. Ақжайық, Қазталов сияқты аудандарда қар еріп, топырақ жұмсара бастады, бұған оңтүстік-шығыстан соққан жел әсер етуде. Облыс өзендерінде  осы айдың басынан бері 9886 ойық жасалды. Барлығы 203590 шаршы метр мұз босатылды. Сырым, Қаратөбе аудандары мен Оралда 1016 текше метр су сорылды. Су жүретін жерлерде тал-теректер де кесіліп, жиналуда. Республикалық маңызы бар жолдарда су өткізетін 459 құбырдың 402-сі тазартылды.
null 

«Қазгидромет» РМК мәліметіне қарағанда, сәрсенбіден бастап күн жылынып, температура түнде де көтеріледі.

«Қар шығарумен бұдан да белсендірек айналысуға тиіспіз. Тұрғындарды, әсіресе, жастарды ұйымдастырып, аула-аумақтарды қардан тазалауға жұмылдыру керек», - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Отырыс барысында аудандар мен Орал қаласы әкімдерінің есебі тыңдалды. Айталық, қала әкімі Мұрат Мұқаевтың сөзіне қарағанда, қар шығаруға барлық техника жұмылдырылған. Күн сайын 350 адам жұмыс жасауда. Оған студенттер мен еріктілер тартылуда.

Өңір басшысының атап өткеніндей, қауіпті барынша сейілту үшін мұз кесу сияқты жұмыстарды жалғастыру керек. Сондықтан көктемгі су тасқыны кезінде күшейтілген жұмыс тәртібіне көшу туралы шешім қабылданды. 

Соңғы жаңалықтар