Батыс Қазақстанда дәрігерлердің құрметіне монумент орнатылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасының 150 жылдығы аталып өтілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Мерейтойға орай облыстық қазақ драма театрында ұйымдастырылған салтанатты шарада аурухана ұжымын облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов құттықтап, ақ желеңді жандардың күн сайынғы білікті де қажырлы еңбегіне ризашылығын білдірді.

Оның атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес денсаулық саласына мемлекет тарапынан ұдайы көңіл бөлініп, қолдау көрсетілуде. Биыл өңірде 19 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жоспарланып, оған 856 млн теңге қарастырылған. Онымен қоса мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында үш жоба жүзеге асырылуда. Өңірдегі денсаулық сақтау мекемелері арасында облыстық аурухананың орны ерекше. Бұдан 150 жыл бұрын алты төсектік амбулаториядан басталған мекеме қазіргі таңда консультативті емханаға қоса, 440 кереуетке есептелген, 26 бағыт бойынша қызмет көрсететін, осы заманғы медициналық құрал-жабдықпен жасақталған 17 мамандандырылған бөлімшесі бар ірі емдеу орнына айналды.




Салтанатты шара барысында хирург Ербол Есеев пен эндокринолог Динара Мәжитоваға облыс әкімінің алғысхаттары табыс етілді.   Бір топ қызметкерге басқа да марапаттар берілді.

Облыстық аурухана директоры Ерлан Тоқсановтың сөзіне қарағанда, күні бүгін мекемеде 833 маман еңбек етсе, соның 123-і - дәрігер, 377-сі - орта буын медицина қызметкерлері. Тәулік бойы жұмыс жасайтын стационарда жыл сайын 17 мыңнан астам адам ем алады. Сондай-ақ күндізгі стационарда 5 мыңнан астам науқас емделеді. Жоғары технологиялық медициналық қызмет 510-нан астам адамға көрсетілген. Санитарлық әуежай арқылы 200-ден астам адамға шұғыл жәрдем берілді.

Мерекелік шара барысында облыстық аурухана ауласында барлық ақ желеңді жандардың құрметіне монумент (авторы Ерғали Бекешев) орнатылды. Онда айналасына шуақ шашқан майшамды ұстап тұрған қолдар бейнеленген. 

Соңғы жаңалықтар