Батыс Қазақстанда аймақтық Қадыр оқулары мәреге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақтың ұлы ақыны, Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлидің туған жері - Сырым ауданында І аймақтық Қадыр оқулары мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Сырым ауданы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, аймақтық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылған байқауға Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан қырыққа жуық үміткер қатысып, бақ сынады.


«Сөздің бәрі құдіретті...» атты Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерін жатқа оқу бағыты бойынша Сырым ауданы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Асылгүл Шаужан бас жүлдені жеңіп алды. Ал «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда» атты Қадыр ақынның сөздеріне жазылған әндерді орындау бойынша Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Айхат Едіге жеңімпаз атанды. «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін...» атты Қадыр Мырза Әлиге арналған өз туындыларын оқу бойынша Атырау облысы Индер ауданындағы Махамбет атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Дильназ Борисова бас жүлдеге ие болды.



Байқаудың ең жас қатысушысы ретінде Тасқала ауданы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Қасымжомартәлі Ғазезге Сырым ауданы әкімдігінің арнайы сыйлығы - ноутбук табыс етілді.

Сайыс қорытындысында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Абат Шыныбеков ақынның жары Салтанат Мырзалиеваға ризашылығын білдіріп, «Жас суретші» үйірмесінің жетекшісі Мұса Сұлтанғалиевтің майлы бояумен салған Қадырдың портретін сыйға тартты. 



Соңғы жаңалықтар