Батыс Қазақстанда, әсіресе, жол мен ауыз су мәселесін шешуге баса көңіл бөлу қажет - Бақытжан Сағынтаев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Батыс Қазақстан облысында, әсіресе, жол салу мен ауыз су мәселесін шешуге баса көңіл бөлу қажет. 

null

Бұл туралы БҚО-ға жұмыс сапары кезінде «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

null  

Оның атап өткеніндей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҚО-ға кезекті сапары кезінде өңірдегі жолдың нашарлығын айтып, бұл жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Содан бері облыс жолдарын күрделі жөндеуге қомақты қаржы бөлініп келеді. Мысалы, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің келтірген мәліметіне қарағанда, биыл республикалық жолдарды жөндеуге 17,6 млрд., оған қосымша жергілікті жолдарға 8 млрд. теңге бөлініп отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес қайта салынып жатқан Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолы біткеннен кейін республикалық маңызы бар Жалпақтал-Қазталов-Жәнібек бағытындағы жолға да назар аударылатын болады. Бұл бағыттағы жолды жөндеуге биыл 2 млрд. (өткен жылы - 3 млрд.) теңге қаралды. Үкімет басшысы алдағы жылдарға жобалық-сметалық құжаттама жасаған кезде осындай мәселелерді мұқият ескеруді тапсырды.

null  

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің мәлім еткеніндей, өңір жолдары шынында да сын көтермейді. Айталық, өткен жылы облыстық және аудандық жолдардың 26 пайызы ғана қанағаттанарлық деңгейде болды. 2016 жылы 23,5 млрд. теңгеге 292 шақырым жол жөнделді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатын болады.

null  

Облыстағы екінші өзекті мәселенің бірі - халықты ауыз сумен қамту. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен жуық арада 54 елді мекенге (30 мыңнан астам тұрғын) ауыз су жеткізілмекші. Қазіргі кезде облыста таза сумен қамту көрсеткіші - 36 пайыз (162 елді мекен). Биылғы жұмыстар нәтижесінде бұл көрсеткіш 42 пайызға (186 елді мекен) жетпекші. Сонымен қатар алдағы уақытта Жаңақала ауданын таза сумен қамту үшін көршілес Бөкей ордасындағы Құлшық жерасты су қорынан құбыр тартылмақшы. Сонда аудан халқының 70 пайызы ауыз сумен қамтылады.

null  

«Мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде «Нұрлы жердің» жүзеге асуы өңір экономикасының дамуына қосымша күш қосатыны анық. Айталық, бұл бағдарлама бойынша салынатын тұрғын үй құрылыстарына 15 мыңнан астам адам жұмыс жасайтын «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Алагеум Электрик», «Стройкомбинат», «Гидромаш Орион», «Стекло-сервис», «Агран», Орал кірпіш зауыты сынды жергілікті ірі компаниялар тартылатын болады. «Болашақ-Т» мен «СВ Плюс» ЖШС секілді екі үй құрылысы комбинатының өндірістік қуаты 90 мың шаршы метр тұрғын үйге жетеді. Жұмыстарға облыстағы шағын құрылыс кәсіпорындары да қатысатын болады», деді Алтай Көлгінов. 

Жиында сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов,  ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде айтып берді. Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының өкілдері де сөз алды.

null  

Премьер-Министр жиын барысында мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысындағы кемшін тұстарға да назар аударып, олқылықтарды тез түзетуді талап етті.

«Халықпен ақылдаса отырып, Елбасы тапсырмаларын орындай білуіміз қажет. Бұл жолы Батыс Қазақстан облысына негізінен әлеуметтік салаға қатысты министрлер келді. Инвестиция тартып, экономиканы нығайтумен бірге халықтың денсаулығын, білімін, әлеуметтік жағдайын ұмытпауымыз керек. Біз бүгін Батыс Қазақстан облысында Елбасы тапсырмаларына сәйкес көз қуантып, жүректі жылытатын істердің атқарылып жатқанын көрдік. Кәсіпкерлермен бір сағаттан астам уақыт бойы пікірлесіп, көптеген қордаланған мәселелердің бар екендігін айқын сезіндік. Мұның бәрін Астанаға барғаннан кейін бір жүйеге келтіріп, жұмыстанатын боламыз. Соның ішінде тез арада шешілуі тиіс мәселелерге баса назар аудармақшымыз. Мұның бәрі де халықтың қамы үшін», деді Бақытжан Сағынтаев. 

null 

Соңғы жаңалықтар