Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 341.61
EUR 410.27
RUB 5.90
CNY 51.98

Батыс Қазақстанда Алаш арыстарына арналған конференция өтті

Батыс Қазақстанда Алаш арыстарына арналған конференция өтті
2017 жылғы 16 қыркүйек 15:55 410

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Алашорда үкіметінің 100 жылдығына және Күнбатыс Алашордасының жетекшісі Жаһанша Досмұхамедовтің 130 жылдығына орай Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Жымпиты ауылы Күнбатыс Алашордасының астанасы болғаны мәлім. Мұнда Алаш қайраткерлерінің ізі сайрап жатыр деуге болады. Осыған орай конференцияға қатысушылар Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, музейде болды. Ж.Досмұхамедов атындағы Өлеңті орта мектебінде Жаһаншаға арналған музей ашылды. Онда көрнекті қайраткерге қатысты құнды жәдігерлер қойылған.

Батыс Қазақстанда Алаш арыстарына арналған конференция өтті

Республикалық конференцияны ашқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев Алаш қозғалысының еліміздің еркіндік алуы жолында маңызды рөл атқарғанын жеткізді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталмыш жиынның азаттық туын көтерген  Жымпиты жерінде өтуі заңды. Алаш қайраткерлерінің арман-мақсаты Қазақстанның тәуелсіздік алуы арқасында орындалып отыр.

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев Алашорда үкіметінің 100 жылдығына әзірлік аясында атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді.

Конференцияда алаштанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрсын Жұртбай Алаш партиясы бағдарламасының негізін құраған бес қағидаға тоқталды. Бұл - ұлттық-демократиялық мемлекет құру, халықтың басты байлығы ретінде жерді сақтау, қазақ қоғамындағы бірлікті нығайту, тілді, мәдениетті және дінді дамыту, білім мен ғылымға басымдық беру. Сондай-ақ экономика мен сананы жаңғырту, құқықтық негізді қалыптастыру, азаматтардың мұң-мұқтажы мен сұраныстарын қанағаттандыру, теңдік, келісім мен бейбітшілік, қоғамдық-саяси істерге қалың бұқараның араласуын қамтамасыз ету сынды идеялар бүгінгі таңда да маңызын жойған жоқ.

Батыс Қазақстанда Алаш арыстарына арналған конференция өтті

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова Алашордаға қатысты тың деректер жөнінде сөз қозғады. Бұрын көпке белгісіз болып келген Алаш қайраткерлері анықталуда. Мысалы, соның бірі Қалдыбай Асанов - жоғары білімді экономист, Саратов университетінің түлегі. Ол Алаштың әскери жасақтарының құрылуына тікелей атсалысты. Қалдыбай Асанов отызыншы жылдар зобалаңына ілігіп, 1937 жылдың қарашасында атылды. Биыл Сырым ауданының делегациясы Мәскеудегі Бутов полигонына барып, Жаһанша Досмұхамедов жерленген жерге тағзым етіп қайтты. Енді осы полигонда 27 қыркүйекте саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тақта ашылмақшы.

Батыс Қазақстанда Алаш арыстарына арналған конференция өтті

Жиын барысында сондай-ақ Шәкәрім атындағы Семей университетінің профессоры, археолог Амантай Исин, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тарих және құқық институтының директоры Болат Жұмағұлов, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова, Астрахан мемлекеттік университеті Ресей тарихы кафедрасының доценті Андрей Сызранов және басқалар Алашорда үкіметінің сан қырлы қызметі мен Алаш тарихының қазіргі ел дамуымен байланысы төңірегінде ой-пікірлерімен бөлісті.

Конференция материалдары жеке жинақ болып жарық көрді.

Айта кетейік, көп ұзамай ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, батыр Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған шаралар да өтеді. 


Батыс Қазақстанда Алаш арыстарына арналған конференция өтті
Батыс Қазақстанда Алаш арыстарына арналған конференция өтті
Батыс Қазақстанда Алаш арыстарына арналған конференция өтті
Батыс Қазақстанда Алаш арыстарына арналған конференция өтті
Батыс Қазақстанда Алаш арыстарына арналған конференция өтті

 

 

Автор: Елжан Ералы
Басты сөздер: Батыс Қазақстан облысы, Алашорда, Қоғам,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер