Батыс Қазақстанда «Ақжайықтағы Алаш іздері» атты конференция өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында елге танымал тарихшы-ғалымдардың қатысуымен Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Ақжайықтағы Алаш іздері» атты ғылыми-танымдық конференция өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Алаш үкіметінің тарихы туралы бейнебаянмен басталған конференцияны ашқан аудан әкімі Әділ Жоламанов Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған мұндай шараның маңыздылығына тоқталып, Алаш арыстарының арман-ойлары мен артында қалдырған жарқын істері бүгінгі күннің мақсат-міндеттерімен үндесетінін, олардың ел тарихындағы орны ерекше екендігін жеткізді.
null  

Конференция барысында Алаш үкіметі белесіндегі Ақжайық ауданының тарихы, Алаш қозғалысының ел егемендігі жолындағы маңызы мен ролі, оның шежіресі, Батыс Алашорда қайраткерлерінің еңбегі, тарихтағы іздері, олардың ұстанымдары мен шығармашылығын жас ұрпақ арасында насихаттау бағытында белгілі ғалымдар мен жергілікті өлкетанушылар баяндама жасады. Атап айтқанда, Алматыдан арнайы келген алаштанушы, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж-Мұрат «Азаматтар бар еді, күрек тісіміз сықылды» деген баяндамасында тың деректерімен бөлісті. Сол секілді М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Алаш арыстарының арманы: тарих және тағылым», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет «Ел аумағын түгендеген Танашев» және басқа ғалымдар түрлі тақырыптарда баяндама жасады.
null 

Конференциядан кейін ғалымдар мен еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері дөңгелек үстел басында пікірлесті. Онда Алаш қайраткерлерінің есімдерін мәңгі есте қалдыру бағытында ұсыныстар айтылды.  
null null 

Соңғы жаңалықтар