Батыс Қазақстанда Ақсай қаласының 50 жылдығы тойланды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында шаһардың 50 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар болып, оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.



Аудан тұрғындарын мерекемен құттықтаған облыс басшысы Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірде қай салада да жаңалық-өзгерістер болып жатқандығын, соның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес өлкенің тарихын түгендеу, танымал тұлғаларын құрметтеу және туған жерді түлету бағытында көптеген жұмыстар қолға алынып жатқандығын жеткізді. Бұдан ірге көтергеніне жарты ғасыр толған Ақсай қаласы да тыс қалып отырған жоқ. Қаланың өткені бүтінделіп, бүгіні ажарлануда. Ертеңі одан да жарқын болары сөзсіз.  



Салтанатты шаралар барысында бір топ азаматтарға мерейтойлық медальдармен қатар «Бөрлі ауданының құрметті азаматы» атағы беріліп, төсбелгілер табыс етілді.

Алтай Көлгінов сапары барысында «Ақсайгазсервис» АҚ-да болып, компания ұжымын қала күнімен құттықтады. Сондай-ақ «Қарашығанақ-1» шағынауданында Березов пен Бестау ауылы тұрғындарына арналып, салынып жатқан 153 пәтерлік 9 қабатты үйдің құрылысымен танысты. Бұл үй алдағы қазан айында пайдалануға берілмекші. Ал қалаға іргелес Аралтал ауылында  100 үй бой көтерген болатын. Мұнда 85 отбасыға пәтер кілті беріліп, соның 67-сі орналасып үлгерді. Березов пен Бестау ауылдары тұрғындары биылғы жыл соңына дейін түгел көшетін болады.



Сонымен қатар Ақсай қаласының 50 жылдығына орай «Қарашығанақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Бұл нысан құрылысына «ҚПО б.в.» компаниясы әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында 860 млн теңге бөлген болатын. Спорт кешенінде 1200 көрерменге орындық бар. Жеңіл атлетикаға арналған жүгіру жолағы, футбол, волейбол, теннис алаңдары дайын. Жалпы, кешенде тұрғындар спорттың 15 түрімен айналыса алады.

 

Соңғы жаңалықтар