Батыс Қазақстанда 86 мыңнан астам ардагер тұрады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 86 180 ардагер тіркелген. Елбасы тапсырмаларын орындау бағытында өңірдің қоғамдық-саяси өміріне, жас ұрпақ тәрбиесіне белсене араласып келе жатқан аға буын өкілдері аз емес. Бұл туралы облыстық қазақ драма театрында ҚР ардагерлер ұйымының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Өңір басшысының атап өткеніндей, ардагерлеріміз - біздің алтын діңгегіміз. «Қариясы бар ел - қазынасы бар ел», дейді дана халқымыз. Тәуелсіз еліміздің іргесін адал еңбекпен қалаған ардагерлеріміз әлі де қатардан қалмай, үлгі-өнегесін көрсетіп келеді. «Біз аға буынға әрқашан қарыздармыз. Олардың ақыл-кеңестері кейінгі ұрпақ үшін құндылығын жоймақ емес. Бір ғана мысал. Шыңғырлау ауданында жұмыс сапарымен болған кезде соғыс және еңбек ардагері, 96 жастағы Андрей Иосифович Рудьпен пікірлестім. Кейін Жеңіс күніне орай Оралдағы Салтанат сарайындағы мерекелік шараға арнайы келді. Қарапайым еңбек адамы облыс орталығында отыз жылдан бері болмаған екен. Содан бері, әрине, еліміз қарқынды даму үстінде, қала, елді мекендеріміз өзгеруде. Осыны көріп, шаттанған Андрей Иосифович: «Тек қана еңбек ету, соны талап ету керек. Мысалы, мен осында келгеніммен, картоп отырғызу секілді бау-бақшадағы жұмыстарым қалып қойды», деп, риясыз шынын айтты. Міне, тоқсан алтыға келсе де, еңбектен қала қоймаған осындай жандардан үлгі алу керек. Сонда Елбасымыздың «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы жүзеге асады», деді әкім.

null

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетовтің сөзіне қарағанда, өңірде 68 мыңнан астам ардагер (соның ішінде 143 Ұлы Отан соғысына қатысушы, 9 мыңнан астам тыл еңбеккері, 18 фашистік концлагерьлер тұтқыны) 391 бастауыш ұйымда есепте тұрады. Өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде алдыңғы сапта жүрген майдангерлер Иван Гапич, Мұхтар Әжіғұлов, Хамза Сафин, Қалам Сүйіншәлиев, Вениамин Сколенко, өлкетанушы Жайсаң Ақбай және басқа белсенді ардагерлердің есімін құрметпен атауға болады. Олар «Мәңгілік ел» патриоттық актісін, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бұдан былай да үлесін қоса беретін болады.

null

«1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ызғары сезіліп тұрған кезеңде, бір жылдан кейін құрылған республикалық ардагерлер ұйымы содан бері өзінің мақсат-міндетін барынша атқарып келеді. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиындықтарға қарамастан, Қазақстан зор табыстарға қол жеткізсе, онда ардагерлердің де үлесі мол. Оларға мемлекет тарапынан ұдайы қамқорлық жасалып, көңіл бөлінуде. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының алты басты бағыты болса, соның ішінде біз, ардагерлер үшеуіне баса назар аударуды жоспарлап, жұмыстанып жатырмыз. Оның біріншісі - ұлттық кодымыз, шешендік өнеріміз, әдет-ғұрпымыз. Салт-дәстүрлеріміздің озығын алып, қадеге жарату бағытында атқарылатын жұмыстар. Екіншісі - қоғамдық құндылықтарды жастардың бойына сіңіру, оларды теріс ағымдардан сақтандырып, ақыл-кеңес айту. Үшіншісі - өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге үлес қосу», - деді шараға қатысқан Мәжіліс депутаты, республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов.

null

Жиын соңында ардагерлердің бір тобына республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің марапаттары, облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.

 

Соңғы жаңалықтар