Батыс Қазақстанда 200-ге жуық дәрігер тапшы

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 200-ге жуық дәрігер тапшы, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО әкімдігінде өткен облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісінде, сондай-ақ 120 денсаулық сақтау нысанының интернетке қосылмағаны, аудандардағы автокөліктер GPS-навигация жүйесімен қамтамасыз етілмегені айтылды. Ауылдық жерлерде медициналық автокөліктер үшін гараждар жасақталмаған, сонымен қатар кең таралған ауру түрлері бойынша тұрғындарды ақпараттандыру жұмысы жеткіліксіз болып отыр.

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласы алдына да тың міндеттер қойылды. Соның ішінде денсаулық сақтау ісінің негізінен аурудың алдын алуға бағытталуына маңыз берілді. Сондай-ақ онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру күн тәртібінде тұр. БҚО денсаулық сақтау саласы қызметкерлері де осындай мақсат-міндеттер аясында жұмыстар атқаруы тиіс.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, өткен жылы жалпы өлім-жітім деңгейі төмендегенімен, жарақаттан, оқыс оқиғалар мен уланудан қаза болғандар саны артуда. Қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау жұмысы тиімсіз жүргізілуде, науқастар көмекке сырқаттарын әбден асқындырып барып жүгінеді.
null

2017 жылы облысқа 86 жас маман келсе, соның 42-сі аудандарға жіберілді. Қазіргі кезде 207 маман жетіспейді. Дегенмен бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Мысалы, өткен жылы жергілікті атқарушы органдар есебінен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті мен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 24 студентті оқыту үшін грант бөлінді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Алматы, Ақтөбе қаласындағы медициналық ЖОО-лармен меморандумға қол қойды.

Аудандарда келген дәрігерлерге қолдау көрсетіледі. Ал қаладағы жас мамандардың көбінің өз үйі жоқ. Аймақ басшысының орынбасары Арман Өтеғұлов бұл мәселені қала әкімдігімен бірлесіп қолға алу қажеттігін жеткізді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ БҚО бойынша филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлованың мәлім еткеніндей, қазіргі таңда өнім жеткізушілер базасында 51 денсаулық сақтау нысаны тіркелген. Кепілдендірілген көлем бойынша қызмет көрсетуде жеке медициналық ұйымдардың белсенділігі арта түскенін атап өтуге болады. Егер 2015 жылы олардың саны үшеу болса, күні бүгінге дейін 12 нысанмен келісім жасалды. Облыс бойынша түсімдер көлемі 900 млн теңгеден асса, емдеу орындарына 661632 адам тіркелді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшудің маңызы зор.

Жиын барысында басқа да көкейкесті мәселелер көтеріліп, оларды шешу жөнінде тапсырмалар берілді.

 

 

Соңғы жаңалықтар