Батыс Қазақстанда 10 жаңа білім ошағы бой көтеруде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, ұстаздар мен шәкірттерді мерекемен құттықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білімге ерекше көңіл бөліп келеді. Сондықтан жыл сайын мектептерде жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Оған қоса мұғалімдеріміз қайта даярлаудан өткізілуде. Болашақта үлкен маман болатын шәкірттер осы бастан олимпиадаларға қатысып, білімдерін шыңдауда, осы заманға сай мамандықтарға даярлық жұмыстары жүруде. Қазір - жаңа технологиялардың заманы. Күннен күнге жаңалықтар пайда болуда, біз содан қалмауымыз керек. ол үшін оқу керек, еңбек ету керек, сонда біздің мемлекетіміз алдыңғы шепте болады. Бұл ретте өскелең ұрпаққа үлкен сенім артамыз. Сіздер үшін мұғалімдеріңіз аянбай еңбек етіп, ата-аналарыңыз, мемлекет барлық жағдайды жасауда. Тек биылдың өзінде өңірде 10 білім ошағы жаңадан салынып жатыр, оның 8-і - жаңа мектеп, төртеуі Орал қаласында. Апатты мектептер жойылып, үш ауысымды мектептерді болдырмау үшін жаңа мектептер бой көтеруде. Білім ордалары компьютер, материалдық-техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сондықтан шәкірттер мемлекеттің үмітін ақтайды деп сенеміз», - деді өңір басшысы.
null

Аталмыш мектеп директоры Шолпан Қадырованың айтуынша, жаңа оқу жылында мектепте 586 оқушы білім алады, оның 80-і - 7-сыныпқа жаңадан қабылданған оқушылар. Сондай-ақ ұстаздар қатары да артып, осы оқу жылында 16 мұғалім жұмысқа қабылданған. Олардың арасында «Болашақ» бағдарламасының, Назарбаев университетінің түлектері, білім магистрлері бар. Мектеп оқушыларының жаз мезгіліндегі ерекше жеңісі - республикалық робототехника олимпиадасында үздік атануы. Оралдық зияткерлер бұл сайыстағы 7 аталымның 5-уінен жүлделі орын алды. Осы жылдың қараша айында жеңімпаздар Коста-Рикадағы халықаралық олимпиадада ел намысын қорғамақ. Биылғы оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептердегі 2, 5, 7-сыныптарда жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасымен оқыту басталады. Осы орайда Назарбаев мектептері білімдегі жаңа технологиялар, әдіс-тәсілдер бойынша өз тәжірибелерін белсенді таратып келеді. Тек тамыз айында 1 600-ден астам мұғалім мектепке келіп, жаңа мазмұн бойынша біліктілік арттыруға арналған шеберлік сыныбынан өткен.
null

Шара мектеп оқушыларының мерекелік концертімен жалғасты. Оқушылар өз өнерлеріне Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын арқау еткен. Олар тарих пен бүгінді, болашақты байланыстырып, заманауи технологиялар мен мүмкіндіктерді ашып көрсетті.

Осы жылдың алғашқы қоңырауын мектепке түсу кезінде 1 000 балдың 921-ін жинап, білімімен ерекшеленген 7-сынып оқушысы Дара Баянғалиева соқты.
null

Айта кетейік, облыстық білім басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, жаңа оқу жылында өңірдегі 381 мектепте 94 мыңнан астам, соның ішінде 11 802 оқушы 1-сыныпта білім алмақ.
null

Биыл жергілікті бюджеттен мектеп  оқулықтарын сатып алу үшін 2 334,9 млн теңге бөлінді. Жаңартылған білім мазмұнына көшуге  байланысты 2, 5, 7 сыныптардың барлық оқулықтары, мектепалды даярлық, арнаулы мектеп оқулықтарына, ағылшын тілінде жаратылыстану бағытындағы оқулықтар және қорды толықтыру бағытында, барлығы 1 244 000-нан астам дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешендерге тапсырыс берілді. Облыста жаңадан бой көтеріп жатқан мектептерден басқа 12 білім беру нысанына жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 1 241 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Соңғы жаңалықтар