Батыс Қазақстан облысының әкімі Жолдаудан туындаған міндеттерді жүктеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалық етуімен өткен кеңесте Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалуы жөнінде облыстық басқармалар басшылары есеп берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.


null
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Нұрмағамбетовтің сөзіне қарағанда, Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірде 122 кооператив мал шаруашылығын және біреуі өсімдік шаруашылығын дамыту бағытында құрылуда. 122 кооперативтің 98-і тұқымды түрлендірумен, алтауы мал бордақылаумен, біреуі сүт бағытында, 12-сі мал бордақылаумен әрі тұқымды түрлендірумен айналыспақ. Есепке сәйкес, сегіз ауданда 12 кооператив құрылып, төрт аудан қамтылмай отыр деген ақпарат шындықтан алшақтау болып шықты. Кооператив құрылмай отыр деген Жәнібек ауданында 10 кооператив құрылып, тіркеуден өткен, бірақ олардың құрамы 20 адамға жетпегендіктен, толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Бөкей ордасы ауданында екі кооператив құрылған, екі мал бордақылау алаңы ашылмақ. Бөрлі ауданында бір, Шыңғырлауда 10 кооператив құрылған. Осыған байланысты өңір басшысы аталмыш басқарманың есепке дайын еместігін, ақпараттарды қайта жинап, салыстырып, нақтылау керектігін ескертті.

null 

Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Миржан Сатқановтың мәлім еткеніндей, 2017 жылы облыс жолдарын жөндеу мен күтіп ұстауға 6 млрд. 734 млн. теңге бөлінген. Өңірге жол құрылысына 1,2 млн. тонна қиыршық тас керек болса, соның 200 мыңы жеткізілген. Биыл жеті ауданға көше жолдарын жөндеуге 1,1 млрд. теңге қаралды. Басқа бес ауданда жобалар жасалуда. Бұл ретте облыс әкімі Бөрліден басқа аудандарда жобалар уақтылы жасалмай отырғанын айтып, бұл жұмысты ширату қажеттігін жеткізді.

null 

Биыл өңірде алты мектеп бой көтеретінін баян еткен облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевқа да Алтай Көлгінов тиісті мекеме, аудандар басшыларымен бірге жұмыстанып, бюджетке енгізу үшін құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құжаттамаларына қанша көлемде қаржы керектігін анықтауды тапсырды.

Оған қоса өңірде мал басын көбейтуге септігін тигізетін суармалы жерлерді қалпына келтіру бағытында әр аудан басшысы бір апта ішінде нақты жұмыс жоспарын  жасайтын болды. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен қатар алдағы жылғы жобалар жөнінде құжаттама әзірлеу керектігі ескертілді.

null 

Облыс әкімі кеңес барысында басқа да басқармалар есептерін тыңдай отырып, орынды ұсыныстар ескерілетінін, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, бөлінген қаржының орнымен, мерзімінде игерілуіне барлық басшылардың жауапты екендігін атап өтті.

 

Соңғы жаңалықтар