Батыс Қазақстан облысында студенттерге төрт жатақхана салынады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Мемлекет басшысының «Әлеуметтік бес бастамасына» сәйкес Батыс Қазақстан облысындағы оқу орындары үшін кемінде төрт жатақхана салынады. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті ХVІ сессиясына қатысқан өңір басшысы Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысының айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, облыстағы ЖОО-лар жанынан жатақханалар салу көзделуде. Биыл қос бірдей жатақхана құрылысы басталады. Сонымен қатар Оралдағы индустриалды колледж жанынан жатақхана салынады. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға қажетті қаржы бүгінгі сессияда бөлінді.

Айта кетейік, облыстық бюджет 20,2 млрд теңгеге нақтыланды. Соның ішінде 9,3 млрд теңге «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталды. Биыл 21 көпқабатты тұрғын үй салынып, қажетті инженерлік коммуникациялар тартылмақ. Сол секілді әлеуметтік сала шығындарына 5 млрд теңге, көліктік инфрақұрылымды дамытуға 1 млрд теңге қарастырылды. Ауыл шаруашылығы, ветеринария және қоршаған ортаны қорғауға 388,6 млн теңге, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына 437,6 млн теңге, сумен және газбен қамтуға 315,3 млн теңге бөлінді.

Аталған өзгерістерді есептегенде, облыстық бюджет кірістер мен шығыстар бойынша 126,1 млрд теңгеге жетті.

 

Соңғы жаңалықтар