Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 340.95
EUR 408.73
RUB 5.87
CNY 51.80

Батыс Қазақстан облысында 8 айда 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

Батыс Қазақстан облысында 8 айда 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылды
2017 жылғы 16 қыркүйек 08:38 338

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елімізде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Осыған орай «ҚазАқпарат» тілшісі Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетовпен тілдескен еді.

-Қалияр Шадиярұлы, бағдарлама бағыттары бойынша бөлінген қаржы қалай игерілуде, алдымен соған тоқталсаңыз?

-Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы үшінші кешенді міндет еңбек нарығын жаңғырту екендігі мәлім. Осыған байланысты қолға алынған аталмыш бағдарламаның мақсаты халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады.

Бағдарламаны жүзеге асыру үшін облысқа 3532,2 млн теңге (республикалық бюджеттен 1807,0 млн, жалпы трансферттер есебінен 1716,2 млн теңге) бөлінді. 1 қыркүйекке дейін қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген 2350,3 млн теңгенің 2338,7 млн теңгесі немесе 99,5 пайызы игерілді.

«Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» атты 1-бағыт аясында техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша 800 адамды оқыту үшін 160,7 млн теңге қаралды. Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету үшін 13 мамандық, 18 біліктілік бойынша 22 колледжде оқытылатын болады. Бұған дейін 183 жедел топ құрылып, оқуға жолданатын адамдардың тізімі жасалған еді. Оқыту 1 қыркүйектен басталып, 800 адам білім алуда.

Сонымен қатар облыстың 25 колледжі мен 10 оқу орталығында жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 3132 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша  510,7 млн теңге бөлінді. Осыған орай әр өңірдің ерекшеліктеріне сәйкес еңбек нарығындағы жұмыс күшіне талдау жасалып, сұраныстар зерттелді. Соған сәйкес еңбек нарығындағы сұранысқа ие  түрлі мамандықтар бойынша 2209 адам қысқа мерзімді курстарға жолданды. 1 қыркүйекке қаржыландыру жоспары бойынша берілген 180,8 млн теңгенің 171,2 млн. теңгесі немесе 94,7 пайызы игерілді.

Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2-бағыты аясында облыс бойынша 374 адамға (соның ішінде ауылдық жердегі 300 адамға 1474,0 млн, қалалық жердегі 74 адамға 294,7 млн теңге) 1768,7 млн теңге қарастырылды. Қазірдің өзінде 262 адам 1341,3 млн теңге несие алып үлгерді. Несие алғандардың 83,1 пайызы қаражатын мал шаруашылығын дамытуға, 12,2 пайызы қызмет көрсетудің өзге салаларына, 4,6 пайызы өсімдік шаруашылығына жұмсамақшы.

Оған қоса биылғы жылдан бастап тұрғындарды бизнеске бастау, кәсіпкерлік негіздеріне үйрету мақсатында 937 адам «Бастау бизнес» жобасы арқылы облыстың бес ауданында (Ақжайық, Жаңақала, Зеленов, Қазталов, Теректі) пилоттық режимде оқытылуда. Қазіргі кезде оқытудың төрт кезеңі аяқталып, 616 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілді.

Бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» 3-бағыты аясында биыл 7008 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту көзделсе, күні бүгін 7266 адам жолданып, артығымен орындалып отыр. Соның ішінде 900-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 1271-і жастар тәжірибесіне, 5095-і ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілді.

Жаңа бағдарламаны жүзеге асыру барысында жыл соңына қарай жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,0 (2017 жылдың 2 тоқсанына 4,9), жастар арасындағы жұмыссыздық 4,0 (биылғы екінші тоқсанға 4,0), әйелдер арасындағы жұмыссыздық 5,4 (5,4) пайызды құрайды деп жоспарлануда. 

-Биылғы сегіз айда өңірде қанша жұмыс орны ашылды, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында не істелуде?

-Елбасы өзінің Жолдауында жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны бұрынғыша Үкіметтер мен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийлерінің бірі болмақ деп атап өткен болатын.

Облыс көлемінде сегіз айда 10136 (соның 5908-і немесе 58,3 пайызы ауылдық жерде) жұмыс орны ашылса, соның 8010-ы (79,0 пайызы) - тұрақты, 2126-сы - уақытша және маусымдық жұмыс орындары.

Өңірде жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін 2017 жылға арналған халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бекітілген болатын. Соған сәйкес мақсатты топтарға жататын 17035 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, 1 қыркүйекке дейін 16532 адам қамтылып отыр.   Соның ішінде 636 адам (жоспар - 650) облыстағы мемлекеттік, салалық және өңірлерді дамыту бағдарламалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларға жұмысқа орналастырылды. 2900 адам кәсіптік оқумен (жоспар - 2772) қамтылса, 900-і (885) әлеуметтік жұмыс орындарына, 1271-і (935) жастар тәжірибесіне, 5095-і (6073) қоғамдық жұмыстарға жіберілді. 5468 адам (5346) бос жұмыс орындарына орналастырылды.

Халықты нәтижелі жұмыспен қамту бағытындағы шаралар одан әрі жалғасатын болады. 

 

 

Автор: Елжан Ералы
Басты сөздер: Батыс Қазақстан облысы, Жұмыспен қамту,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер