Батыс Қазақстан облыстық газеттеріне 100 жыл толды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына тура бір ғасыр толды. Осыған орай «Жайық Пресс» ЖШС-да салтанатты жиын өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Жиында медиахолдингтің бас директоры Жантас Сафуллиннің атап өткеніндей, облыстық қос газеттің 100 жылдығына әзірлік барысында көптеген жұмыстар атқарылды. Соның ішінде өңірдегі баспасөз тарихы зерттеліп, тың деректер анықталды. Бұрын өңірлік газеттер 1918 жылғы 17 қарашада Ордада жарық көрген «Хабар-Известия» газетінен басталып келді. Алайда осы «Хабардың» алғашқы нөмірінде облыстық кіндік комитеттің «Баспасөз тарату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасы біріктіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылсын» деген №12 хаттамасы жариялануы «Ұран» газетін іздестіруге түрткі болды. «Ұран» газетінің тоғыз нөмірінің түпнұсқасын Алматы қаласындағы «Республикалық кітап мұражайы» РМҚК-дан белгілі ғалым, журналист Мақсат Тәжімұрат тауып берді. Тігіндінің бетіне былай деп жазылыпты: «Халық ақыны Надралиев Андаштың (1889-1954 ж. ж.) жеке қорынан. Бұрынғы Астрахан облысы Бөкей ордасы, қазіргі Жаңақала
ауданы Жаңақазан ауылында дүниеге келген».

Музей қызметкерінің айтуы бойынша, газет тігіндісі 1978 жылы тапсырылған. «Ұран» газетінің кей нөмірлерінің көшірмелері Батыс Қазақстан облыстық өлкетану музейінде зерттеуші, ғалым Мұстафа Ысмағұлов жинаған қордың ішінде де сақталған екен. Ол «Ұран» газетінің фотокөшірмелерімен қатар осы газеттің бас редакторы әрі ұйымдастырушысы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің көптеген еңбегін жинақтап қойыпты. Қолда бар газет көшірмелерінен белгілі болғанындай, «Ұранның» кемінде 38 нөмірі жарық көрген. Әзірге тоғыз нөмірі табылды. Осылайша, облыстық қос газеттің ізашары «Ұранның» 1917 жылы 28 шілдеде Ордада алғашқы саны шыққаны белгілі болды. 2014 жылы бар тапқан нөмірлер кириллицаға аударылып, Мұстафа Ысмағұлов жинаған еңбектер, «Ұран» газетінің бас редакторы болған Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің басқа да басылымдарда жарық көрген мақа¬лалары және «Ұран» туралы жазылған материалдар топтастырылып, «Ұран» газеті 1917-1918» кітабы шығарылды

null

«Қазақстан» газетінің редакторы болған Елеусін Бұйринмен қатар Зашаған кентіндегі тағы бір көшеге Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің есімі беріліп, суреті мен өмірбаяны жазылған билборд орнатылды. «Қазақстан» мен «Ұран» өз алдына, «Известия-Хабар», «Киргизская правда» - «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» (республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бастауы) газеттері де жинақталып, жеке кітап болып жарық көрді. Оған қоса ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап 2016 жылға дейінгі, яғни ширек ғасырды қамтитын өңірдің хронологиялық шежіресі де жасалып, екі тілде басылып шықты.

null

Қорыта айтқанда, соңғы бес жыл ішінде облыстағы баспасөз тарихына байланысты он кітап жарық көрді. Оған қоса газеттердің 100 жылдық тігінділері жинақталып, электронды нұсқалары жасалды. Қазіргі кезде арнайы бөлме жасақталып, жүз жылдық тігінді қойылды. Бұл Қазақстан Президентінің «Цифрлы Қазақстан» жобасымен толық үндеседі. Қос газеттің ғасырлық мерейтойына орай басқа да жұмыстар жалғасын табуда. Биыл Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай облыстық «Приуралье» газеті редакциясы ұжымының Елбасының Алғысына ие болуы журналистер еңбегі бағаланғанының бір көрінісі еді.

null 

Шара барысында мерекеге дайындыққа сүбелі үлестерін қосқан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйқова, баспасөз тарихын зерттеу жөніндегі маман Қазыбек Қабжановқа және ардагерлерге алғыс айтылып, құрмет көрсетілді.

null 

Айта кетейік, облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына арналған негізгі шаралар алдағы қыркүйек айында өтеді.

Соңғы жаңалықтар