Бастауыш мұғалімі ММА-дан Қазақстан намысын қорғау үшін Бахрейнге аттанады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Талдықорған мектептерінің бірінде бастауыш сыныпқа сабақ беретін Гүлмира Нұғыманова Қазақстан намысын қорғау үшін Бахрейнде ММА спорт түрінен өтетін әлем чемпионатына аттанып барады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР ММА федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Гүлмира Нұғыманова - Талдықорғандағы мектептердің бірінде қарапайым бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек ететін нәзік бойжеткен. Дегенмен, Гүлмира спортпен бұрыннан шұғылданады. Ең қызығы, ол спорттың ең күрделі түріне жататын ММА-ны таңдаған.

Төбелес өнеріне деген сүйіспеншілік Гүлмирада бала кезінен пайда болыпты. Бойжеткеннен кейін ол джиу-джитсумен шұғылданып, ұлттық спорт түрлерінің қатарындағы жекпе-жектен де шыңдала бастаған. Тіпті панкратионнан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған кезі де болған.

Осы уақытқа дейін Гүлмира UFC жұлдыздарының жеңісі мен жеңілісін бақылай отырып, бір күні ММА-ға ауысуға бел шешіпті. Қазақстандағы ММА ережесіне сәйкес, қыздардың бұл спорт түрімен айналысуына тек биылғы жылы ғана рұқсат етілген. Гүлмира өзінің бапкері, Алматы облысының ММА бойынша аға жаттықтырушысы Нұрлан Аманқұловтың арқасында өзін көрсетіп, әлем чемпионатында Қазақстанның атынан өнер көрсетуге лайықты екенін дәлелдеген. Ендігі кезекте Гүлмира Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларымен бірге 12-19 қараша аралығында Бахрейн астанасы Манама қаласында өтетін әлем чемпионатына аттанғалы жатыр.

«Мұнда уақыт жоқ. Күнделікті жаттығу, дәмді тамақ пен кесте бойынша ұйқы - бәріміз жеңіске бекініп отырмыз. Қазақстан ММА федерациясының шешімі бойынша, лагерьге түрлі жаттықтырушылар келіп, әркім өз техникасын, өз мектебін танытып жатыр. Сонымен бірге, спортшылар арасында мығым достық бар. Кез келген ММА шеберіне барып, қандай дағдыларды үйренуге болатыны туралы кеңес сұрай аламыз. Қыздардан екеуіміз ғана. Біз Аян Тұрсынмен достасып кеттік. Греплинг бойынша Ерназ Мұсабек көмегін аяған емес. Ол бұл тұрғыда кәсіби түрде мықты екенін атап өткім келеді. Бірақ, шыны керек, маған жаттықтырушы Нұрлан Аманқұловтың кеңесі жетпей тұр. Ол қазір өзінің шәкірті Арман Әшімовпен Мәскеуде жүр. 10 қараша күні Арман M-1 Challenge-85 турнирінде шаршы алаңға шығады. Бірақ, Бахрейнге бірге барамыз. Маған оның дауысын естіп, қолдау барын білу өте маңызды», - дейді Гүлмира.

Спорт деген күннің өзінде де Гүлмира шаршы алаңда ең алдымен, ақылға жүгіну дұрыс деп біліп, шайқасты шахматпен салыстырады.

«Мен бұл спортты ұнатамын. Мұнда шахмат сияқты әрқашан ойлануың керек. Шайқас стратегиясын қалыптастырасыз. Соққыны жіберіп алсаңыз болды - жеңілдім дей беріңіз», - дейді Гүлмира.

Мұғалімдік мамандықты Гүлмира саналы түрде таңдап алған. Ол балаларды өте жақсы көретінін, оқушылардың ұстазға деген құрметі ерекше екенін айтады. ММА спорт түріне бекінгенін өзінің айналасындағы адамдар қалай қабылдағанына қатысты сұраққа алғашында бәрі де аңтарылып қалғанын, кейін үйреніп кеткенін алға тартады.

«Жаттығу лагеріне барар алдында біз ата-аналар жиналысын өткіздік. Ата-аналар маған батасын беріп, Бахрейндегі әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетуімді тіледі», - дейді Гүлмира.

Бұрымды қыз алдағы уақытта педагогика саласында жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр. Биыл магистратураны бітірген. Біліммен бірге, спорт саласында жүру - басты мақсаты екенін айтады.

Соңғы жаңалықтар