Баспанасыз қалған жетімдерге ақтөбелік отбасы пәтер жалдап берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Анасы алған несиені өтей алмаған төрт ағайынды жігіт мұрагерліктен бас тартып, баспананы екінші деңгейлі банкке қайтаруға дайын. Олар жалдамалы пәтерге көшіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында тұратын Сарқұловтар әулетінің төрт баласы анасы көз жұмған соң бір-бірін сүйеп, жетім өсті. Ал әкесі Мырзағали Сарқұлов басқа әйелге кетіп қалған болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ағайынды төрт жігіттің анасы Гүлмира Сақтағанова екінші деңгейлі банктен 2,5 миллион теңге несие алып, 2007 жылдан бері несие өтеліп келген. Алайда 2015 жылы әйел қайтыс болғаннан кейін балалары банк несиесін төлейтін ақша таба алмаған. Қазіргі күні берешек 3,7 миллион теңгеге жеткен. Қарызды қайтара алмаған олар мұрагерліктен бас тартты.  

«Біз мұрагерліктен бас тарттық. Сөйтіп, үйді босатып бердік. Ақтөбелік Қанат-Әлия есімді ерлі-зайыпты келіп, бізге үш бөлмелі пәтерді жалдап берді. Олар екі айға пәтерақыны төледі»,- дейді отбасының үлкені Абай Жұмабаев.

Айта кетейік, қазір бұл отбасының балалары кенжесі Мерген Сарқұловты қорғаншылыққа алу құжаттарын да дайындап жатыр. Мектеп оқушысы Мерген оның ағасы, отбасылы Әлішер Сарқұловтың қамқорлығына берілуі мүмкін.

«Біз облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа үміт артып отырмыз. Тағы бір рет кездесіп, сөйлесуді жоспарлап жүрміз»,- деді Абай Жұмабаев. 

Соңғы жаңалықтар