Баспанасыз алматылық әлемді шарлаған жиһанкезге айналды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 жастағы алматылық Сергей Бондаренко жеткілікті қаражатсыз ең қажетті дүниелерін ғана алып жаяу дүниежүзін аралап шығуды мақсат еткен. Оның бұл әрекетін біреулер хош көріп жәрдем көрсетсе, біреулер керісінше сенімсіздік танытқан. Алайда баспанасыз қалса да қиыншылыққа қасқая қарсы тұрған жас жігіт тағдырдың сынағының жақсы тұстары бар деген тоқтамға келіп отыр.

Сергей Бондаренко Алматыда оны ұстап тұратын ештеңе жоқ деп шешіп, жаяу жер жүзін аралап кеткен. Саяхаттың басталғанына екі жарым жыл өтті, ал жігіт 90 мың шақырымды артқа тастап 18 мемлекетке барып қайтқан.

Әр елде оның есінде қалған түрлі оқиғалар болыпты. Ол алдағы екі жыл көлемінде саяхатын АҚШ-та аяқтауды жоспарлап отыр. Осы аралықта Африка, Оңтүстік және Солтүстік Американы шарлап қайтпақ. Жақында ол Әзербайжанның астанасы Баку қаласына жетті.

«ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі Бекбау Тайманов жиһанкезбен жолығып, оның қайдан келе жатқанын, қайда бет алғанын және жоспарларын сұрап білді. Ол Әзербайжанға Түркиядан келген, Нахичеваньға жеткесін Бакуге ұшып шыққан. «Түркияда 3 айдай уақыт Африкаға өтіп кетпек болып әрекеттендім. Алайда жолым болмады. Қазір күн суытты, сондықтан оңтүстікке бет аламын, Үндістанға баратын шығармын. Сол жақтан Иран немесе Пәкістанға кетемін, ары қарай Африкаға жетудің жолдарын қарастырамын», - деді Сергей Бондаренко.

Африкада саяхатшы Мозамбик еліне ғана бармақшы, оның ойынша бұл құрлықта тек осы мемлекет қана барынша қауіпсіз. Екі жыл мерзімде ол Қырғыз, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Молдова, Беларусь, Қытай, Лаос, Камбоджа мен Таиланд, Малайзия мен Шри-Ланкада болған.

Сергей Бондаренко Оңтүстік Америкада Аргентина, Боливия, Колумбия, Эквадорға бармақшы ойы бар.

Сергейдің айтуынша, оның басты мақсаты - адамдар қоныстанған барлық құрлықтарды аралап қайту. Жолай ол өз елін жарнамалай жүреді, өйткені арқа қоржынында Қазақстанның туы ілініп тұрады. Адамдар осыған қарап саяхатшының қайдан келе жатқанын білгісі келеді екен. Аралаған елдерінің арасында оны Қытай мен Түркияда жылы қарсы алыпты. «Түріктер Қазақстан азаматтарын жылыұшырай қарсы алады. Мен Қазақстаннан екенімді айтқанда олар «қардаш» яғни бауырым деп ықыласын білдіреді», - дейді Сергей.

Сергейдің девизі: «Around the world without money» (Ақшасыз Жердлі айналып шығу).

«Сапарымды АҚШ-та аяқтауды ойлап жүрмін. Қалғанын кейінірек көре жатармыз. Жолжазба кітап жазамын. Алматыда танысым бар, ол маған кітабымды шығаруға көмектесетіндігін айтып уәде берген», - дейді Сергей.

Сонымен қатар саяхатшы Түркияда болған кезіне тоқтала кетті. «Ол кезде Түркияда әскери төңкеріс болды, арқамда үлкен рюкзагым болғандықтан мені жиі тоқтатып, тексере берді. Сол кезде Қазақстан елшілігінен көмек сұрадым, елші Жансейіт Түймебаев (қазір ОҚО әкімі - автор) мені Қазақстанның азаматы әрі саяхатшы деген хат жазып берді. Осы хат сол елде маған кедергілерді еңсеруге септігі тиді», дейді жиһанкез жерлесіміз.

Соңғы жаңалықтар