Баспанасы судың ортасында қалған ақтөбелік оқушыға кәсіпкер үй алып беруі мүмкін

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы су тасқыны кезінде камера алдында жылап, интернетті дүр сілкіндірген Махаббат Ешімова таяуда баспаналы болуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы су тасқыны кезінде бар мүлкінен айырылып, оқулығына алаңдаған 4 сынып оқушысы Махаббат Ешімова камера алдында жылап, көптің көзіне жас үйіртті. Кейін жергілікті әкімдік баланың оқулығын түгендеп, бейнежазба таратты . 

Махаббат Ешімова камера алдында өзінің сабаққа барып жүргенін, жағдайының жақсы екенін жеткізген болатын. Ал бүгін жергілікті «Диапазон» газеті алматылық кәсіпкер Қайрат Құдайбергеннің үй салып беру ниетін жеткізді.  

«Алғашында үй салып беруді жоспарлап едік. Бірақ көп күттіргіміз келмей, екі қабатты үй іздедік. Аумағы 109 шаршы метр болатын үй өзен маңында болған соң әкімдік оның статусын өзгертуге қарсы болды. Қазір басқа үй іздеп жатырмыз. Біз Махаббатқа үй сыйлағымыз келеді»,- деді кәсіпкер газетке берген ақпаратында.

Сонымен қатар, кәсіпкер тұрмыстық техникаларды сатып алып бермек.

Ал оқушы қыздың анасы Тұрғангүл Ешімова әзірге нақты шешім шықпағанын, қандай баспана болса да қуана қабылдайтынын жеткізді.

«Әлі ештеңе болған жоқ, бірақ жазылған. «Алып бере ме» деп үміттеніп отырмыз. Үйді қараңыз, бірге таңдайық деген ұсыныспен шыққан жоқ. Біреу алып берейін деп тұрған үйді таңдай алмаймын ғой. Бергенін аламын. Қатты қымбат жерден алып бермейтін шығар деп ойлап отырмын. Білмеймін ғой. Коттедж емес. Көпқабатты үйлерде тұра беретін шығармын. Қандай болады, сондай аламын»,- деді Т.Ешімова.

Айта кетейік, су тасқыны кезінде көптің көңілін босатқан Махаббат Ешімованың сөзінен соң әнші Меруерт Түсіпбаева Ақтөбеге келіп, тегін концерт беремін деген болатын. Бірақ қалада әншінің концерті әзірге өткен жоқ, хабарландыру берілмеді. 

Соңғы жаңалықтар