Баспанамен қамту: Үкімет басшысы бірқатар облыстарды сынға алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев xалықты баспанамен қамту жағынан қалып келе жатқан өңірлерді сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Құрылыс саласы 4,5 процентке төмендеп отыр. Қолда бар мәліметтерге қарасақ, кейбір өңірлерде, әсіресе, оңтүстік облыстарда, мысалы, Алматы, Жамбыл мен Қызылорда облыстарында бүгінге дейін бірде-бір тұрғын үй іске қосылмаған. Солтүстік Қазақстанда да солай. Бұл дегеніміз, база жоқ. Балтырғы жылдың қорытындысы бойынша "переxодящий" үйлер жоқ деген сөз. Енді, қазір барлығы республикалық бюджеттен ақша күтеді. Сол бойынша тендер болады. Одан кейін фундаментін бастаймыз. Жылдың соңына дейін тиісті көрсеткішке жетеміз деген жоспарларыңыз дұрыс емес", - деді Б.Сағынтаев Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында.

Үкімет басшысының айтуынша, жергілікті жерде игерілмей жатқан қаржы бар. Соны пайдалану қажет. "Әйтпесе, ылғи өткен жылдың жетістіктерін тілге тиек етіп, соны себеп қылып, айтып отыру, меніңше, құрметті әріптестер, әсіресе, өңірлік жерлердегілер, ол - қате", - деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бюджет ақшасын игеру бойынша есеп берді. Оның айтуынша, барлық өңірлердің шоттарында қалдық ақшаның көлемі 291 млрд теңгені құрап, жыл басымен салыстырғанда екі есеге өсті. Жылдың басында аталған көрсеткіш 124 млрд теңге болған.

"Бұның барлығы жергілікті қаржы-қаражатты тиімсіз басқаруды, жоғарыда айтып кеткендей кірістерді жоспарлау сапасының төмендегін көрсетеді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесіне баса назар аударуы қажет", - дейді Б.Сұлтанов. 

Соңғы жаңалықтар