Бас санитарлық дәрігер мейрам кезіндегі қауіпті тағамдарды атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Наурыз мейрамын мерекелеу кезінде жаппай улануға жол бермеу үшін гигиеналық талаптарды сақтауға кеңес береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көктемнің келуімен қазақстандықтар дәстүрлі түрде үстел үстіне алуан түрлі тағамдар ассортиментін қоюға тырысады. Яғни көптеген ұлттық тағамдардан бастап, кондитерлік өнімдерге дейін толтырады. Алайда, егер гигиена талаптары сақталмаса, онда мерекелік үстелде бас қосу - тамақтан улануға алып келуі мүмкін. Осыған байланысты, Наурыз мейрамын мерекелеу кезінде және осы мейраммен байланысты демалыс күндері улануға жол бермеу үшін гигиеналық талаптардың сақталуын тағы да еске сала отырып, кеңес беремін» - деді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин. 

ҚР ДСМ мәліметінше, тағамдарды дайындау кезінде оларды сақтау мерзімдері мен тұтыну уақытына мән беру қажет, шикі және дайын тағамдардың бірге сақталуына жол бермеңіз.  Ал сапасына аздап күдіктенген жағдайда, ол тағамды тұтынудан бас тарту керек.

«Тауық етінен жасалған дайын тағамдар ең үлкен қауіп төндіреді, жұмыртқа қосылған тағамдар, майонез бен қаймақ қосылған салаттар, кремі бар кондитерлік өнімдер (торттар, тәтті нандар)»,- деп атап өтті Бекшин.

Әдетте, мереке күндері қоғамдық тамақтандыру нысандары мен сауда орындары үлкен көлемде аспаздық, сондай-ақ кондитерлік өнімдер дайындап пісіреді. Осыған байланысты, тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың болуына, оларды сақтау мен  саудалау шарттарына назар аудару қажет.

Бұл тұрғыда бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қоғамдық тамақтану орындарындағы қызметкерлер жеке гигиена ережелерін сақтауы тиістігін, медициналық тексеруден өткен адамдар ғана жұмысқа жіберілетіндігін атап өтті.

«Мерекелік үстелге дайын тағамдардың алдын ала қойылмауын және олардың қажетті температуралық режіммен сақталуын қамтамасыз етуге кеңес береміз. Дайын тағамдардың сақталу уақытын бұзуға жол бермеңіздер», - дейді Жандарбек Бекшин.

Соңғы жаңалықтар