Бас прокурор сотты неден қорғау керектігін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тергеушілердің судьяларға тікелей байланысына тосқауыл қою керек. Бұл туралы елордада «Қазақстандағы сот билігінің тәуелсіздігі және сот әкімшілігі мәселелері» атты халықаралық конференцияда ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сотты тергеушілердің эмоциясынан, айыптаушының екпінінен қорғауымыз керек. Яғни сотта адамның кінәсі туралы алдын ала пікір қалыптаспауы қажет. Сондықтан да біз тергеушілердің судьяларға тікелей байланысына тосқауыл қоюға тиіспіз. Сонымен қатар алдағы уақытта судьяларға қылмыстық істерді емес, тек айыптаушы актілерді тапсыру үшін, бұл мәселені қазірден бастап қарастыру керек. Неге? Себебі осы қадам адамның айыптылығы туралы тергеуші құрған сипаттаманы процеске мәжбүрлі түрде енгізбеу үшін қажет болып тұр», - дейді Бас прокурор.

Ж. Асанов осы жағдайда прокурор мен қорғаушы тарапы сотқа материалдарды процесс барасында ұсынатынын жеткізді.

«Дәл сол жерде материалға баға беріп, оларды дәлелге жатқызу немесе жатқызбау мәртебесін айқындау керек. Бұл өз кезегінде тараптардың бәсекелестігіне ықпал етеді», - деді Бас прокурор.

Айта кетейік, Жақып Асанов ақтау үкімдері неге аз кездесетіндігін түсіндірді. 

«Тергеуші іс бойынша материалдарды жинайды және оны дәлел ретінде таниды. Ал қорғаушы жағында мұндай құқық жоқ. Бұл өз кезегінде тараптардың бәсекелестігіне ықпал етпейді. Сондықтан деректерді дәлел ретінде тану немесе танымау тергеуші мен прокурорға емес, сотқа тиесілі болуы керек», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар