Бас прокурор: Бизнесті заңсыз тексерген 400-ден астам лауазымды тұлға жазаланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қадағалаушы органдардың бизнеске қысым көрсетуін қысқарту - прокуратура жұмысының негізгі басымдылығы. Бүгін Ақтөбе облысының кәсіпкерлерімен кездескен еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов осылай деді.

Кездесу барысында Ж.Асанов бизнесті қадағалаушы органдар қысымынан қорғауға бағытталған негізгі құралдарға тоқталып кетті.

«2015 жылы біз тәуекелдерді бағалау жүйесін енгіздік. Оның мәні - барлығын жаппай емес, тек жоғары қауіп тобындағыларды ғана тексеру. Жылдың соңына дейін осы жүйені біздің жаңа «Тексерулердің бірыңғай тізілімі» сервисімен интеграциялаймыз. Бір рет басу арқылы кім және қайда құқық бұзғанын көруге болады. Тексеруші сонда барады. Заңбұзушылықтар туралы барлық ақпарат Тексерулер картасында көрсетіледі. Кез келген адам сайтқа кіріп, қажетті деректерді көре алады. Кім жиі заңбұзушылықтар жасаса, сол ақырында клиенттерін жоғалтады», - деді ол.

Бас прокурордың айтуынша, өз кезегінде тексерулерді электрондық тіркеу тексерушіге де, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтерге де тексеру барысын онлайн түрде қадағалап отыруға да мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар, service.pravstat.kz сайтында, 115 Call-орталығында немесе мобильдік топтардың телефондары арқылы кәсіпкер оны тексерудің заңдылығын біле алады. 3 жылда мыңнан астам бизнес субъектілері хабарласты. Әрбір үшіншісіне көмектестік, 400-ден астам лауазымды тұлғаларды жазаладық. Бұл сервистердің ТМД бойынша ұқсастары жоқ. Тексеру қажет болатын салаларды одан әрі қысқартуды жоспарлап отырмыз. Шетелдер тәжірибесін зерттеудеміз», - деді Бас прокурор.

Соңғы жаңалықтар