Бас прокурор бір оқпен екі қоянды атуды ұсынып отыр - Апталық шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы аптада еліміздің саяси өмірінде біраз жаңалықтар болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапармен барып қайтты. Елбасы шетелде жүргенде Үкімет кезекті отырысын өткізіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылап тастады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі келесі жылы "13 жалақы" мен мерекелік сыйақылардың болмайтынын тағы бір мәрте еске салса, Бас прокурор ұрланған қаржыны шетелге асырмаудың тиімді жолын ұсынды. Ал ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Kazakh TV» арнасының жаңартылған нұсқасын іске қосты, xабарлайды ҚазАқпарат.

Президенттің сапары қалай өтті?

Сонымен, Елбасының Сауд Арабиясы Корольдігіне жасаған сапарына тоқталайық, Н.Назарбаев алдымен Мұхаммед Пайғамбар мешітіне барып, намаз оқыды. Сол жерде провинция губернаторы Ханзада Фейсал бен Салман Әл Саудпен екіжақты кездесу өткізіп, Масджид ан-Набави мешітінің сәулетімен танысып шықты. Осыдан кейін Президент Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудпен жүздесті. Келіссөздер барысында екі елдің көшбасшылары Қазақстан мен Сауд Арабиясы ынтымақтастығының негізгі бағыттарын, атап айтқанда, сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды нығайту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ тараптар өзара іс-қимылдың түрлі салаларында, соның ішінде ауыл шаруашылығында зор әлеуетке қол жеткізілгенін және қарқынды даму бар екенін атап өтті.  

Ал осы елдің іскерлік ортасымен өткен кезедсулер кезінде Н.Назарбаев Сауд Арабиясы Корольдігі Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі серіктестерінің бірі саналатындығын баса айтты. «Бүгінгі күні біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы көлемін еселей түсуге зор мүмкіншілік бар. 2015 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымының көлемі 16,3 млн. долларды құрады. Бүгінгі күні Қазақстанда Саудия тарапының қатысуымен 17 кәсіпорын жұмыс істейді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті екі елдің арасында экономикалық өзара қарым-қатынастың перспективалы бағыттарын да атап өтті.

«Бұл - тау-кен металлургия өндірісі, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, қаржы және исламдық банкинг, атом өндірісі және басқа да салалар», - деді Назарбаев.

Жалпы, осы жолғы сапар барысында 60 млрд теңгенің келісімшарттарына қол қойылды. Журналистерге сұxбат берген Елбасы негізгі деген жобаларды атап өтті. Олар - Оңтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикасының құрылысы, Ақмола облысындағы азық-түлік өнімдердің өндірісі және мұнай және газ, металлургия мен химия салаларындағы ынтымақтастық. 

«Іске қосылған жобалар бар, ол бірлескен 17 кәсіпорын. Логистикадағы мәселелерге байланысты бізде сауда мен тауарайналым аса дамымаған. Сондықтан біз болашақта бірге жұмыс жасау үшін Жол картасын, екі жақты үкіметаралық комиссия, экономиканың түрлі салалары бойынша жұмыс топтарын құруға келістік.  (...) Бастысы - бұл бірлескен инвестициялық қаржы қорын құру туралы келісім. Біздің елімізде бірлескен жобаларды қаржыландыру үшін осындай қор құрамыз», - деп атап өтті Н.Назарбаев.

 

Премьер-Министр бюджет қаржысын толығымен игеруді тапсырды

Үкімет отырысында бюджет қаражатын игеру мәселесі қаралды. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, 2016 жылдың 9 айында мемлекеттік бюджет кірістері 1 триллион теңгеге жуық асыра орындалды. "Ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік бюджеттің атқарылуы сапалы жетістіктермен ерекшеленеді. Кірістер айтарлықтай асыра орындалды. Ал салықтар болса, қазірдің өзінде бүкіл өткен жылдың көлеміне келетіндей жиналды. Шығыстар бұл кезең үшін ең жоғарғы мәнге жетіп игерілді. Шығыстардың жартысы әлеуметтік болып табылады. Ал 4\1-і экономикалық өсімге бағытталған. Өңірлік бюджеттер экономикалық тұрақтылыққа арналған жаңа трансферттермен қолдау тапты. Жергілікті бюджеттер жалпы жақсы өсім көрсетуде", - деді министр.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығындары биыл 13 пайызға өскен. Оның көлемі 7 триллион теңгеге жетіп отыр. Дәрігерлер, мұғалімдер және өзге де бюджеттік қызметкерлердің жалақысы өсірілді. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына кететін шығындар жалпы 18 пайызға ұлғайды және триллион теңгеге жетті. Шығындардың жартысынан көбі, шамамен 3,6 триллион теңге әлеуметтік салаға жұмсалды. Оның ішінде 1 триллион теңге зейнетақы төлемдеріне бөлінген.

Ал ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 9 айда мемлекет қаражаты есебінен 617,2 мың шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілгенін жеткізді. «Құрылыс жұмыстарының көлемі тұрғын үй құрылысы мен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен 6,9 пайызға ұлғайды. 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте тұрғын үйлерді пайдалануға беру 13,6 пайызға өсіп, 7,2 млн. шаршы метрге дейін ұлғайды. Көп пәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға беру 26,0 пайызға (3,4 млн. шаршы метрге дейін) және жеке тұрғын үйлерді пайдалануға беру 4,4 пайызға (3,7 млн. шаршы метрге дейін) өсті. Ағымдағы жылғы 9 айда мемлекет қаражаты есебінен 617,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», - деді Бишімбаев.

Оның сөзіне қарағанда, тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны Павлодар облысында - 68,9, Ақмола облысында - 38,8, Ақтөбе облысында - 30,9, Қызылорда облысында - 23, ал  Астана қаласында 29 пайыз деңгейінде байқалып отыр. Жалпы құрылыс көлемінің өсуі республиканың 8 өңірінде байқалады. Құрылыстың ең жоғары қарқыны Атырау облысында және Астана қаласында тіркелген.

 «Бұл өңірлерде тұрғын үйді пайдалануға беру жоғары болса, Павлодар және Қызылорда облыстарында құрылыс жұмыстары көлемінің елеулі төмендеуі байқалды», - деді министр.

Ал Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жыл соңына дейін бюджет қаржысын толық игеруді тапсырды. «Өткен жолы біз сізбен «Бизнестің жол картасы - 2020»  бағдарламасы аясында бизнес үшін инфрақұрылым жүргізуге бөлінген 627 млн. теңгені игеруге мәселесі жайлы сөйлескен едік. Сізге игерілмеу туралы ескерту ғана жасамай, оны сұрамағандығыңызды да айттық. Жағдай не болып жатыр?» - деп сұрады Премьер-Министр  Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтан.

«Бақытжан Әбдірұлы, негізі ол қаражат 692 млн. теңге. 184 млн. теңгені осы айдың аяғына дейін, ал жалпы қаржыны жылдың соңына дейін игереміз. Бұл жерде ешқандай проблема жоқ. Бұл конкурстардың кеш өткізілуіне байланысты болды», - деді облыс әкімі.

«Жарайды, жылдың соңында көреміз», - деді Үкімет  басшысы.

Сонымен қатар ол барлық әкімдерге бюджеттің әрбір теңгесін дер уақытында игеру бойынша жұмыстар жүргізу қажеттігін қатаң тапсырды.

«Біз 9 қыркүйекте 400 млрд. теңгеден астам қаржы бөлдік. Жұмыстарда қандай да бір кемшіліктер бар болуы мүмкін. Бірақ, жыл соңына дейін барлық қаржыны игеру қажет», - деді Сағынтаев.

 

«Kazakh TV» арнасы жаңарды

Осы аптада ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен жаңарған «Kazakh TV» арнасы ресми түрде іске қосылды. «Ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар «Kazakh TV» телеарнасының жаңа форматқа көшуімен шын жүректен құттықтаймын. Биылғы жылы еліміздегі басқа да мемлекеттік медиа құрылымдармен бірге «Хабар» телеарнасының ресурстарын жаңғырту бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл реттегі шаралар Елбасының отандық бұқаралық ақпарат құралдарының сапасын арттыру жөніндегі тікелей тапсырмасы бойынша атқарылуда. Бүгінгі күні біздің алдымызда бірқатар маңызды міндеттер тұр. Солардың бірі елімізді халықаралық деңгейде насихаттауға байланысты. Осыған орай шетелдік аудиторияны қамтыған тұңғыш отандық «Kazakh TV» мен «Білім және Мәдениет» телеарналары біріктіріліп, жаңарған форматта хабар таратуға кірісті. Осылайша, еліміздің саяси-экономикалық және мәдени жаңалықтары әлем назарына кеңінен ұсыныла бастайды»,-деді Дәурен Абаев.

Бұл ретте министр «Білім және Мәдениет» телеарнасындағы сапалы контент осы үшін қолданылатынын атап өтті. Ең бастысы - жаңарған телеарнаның хабары шетелдік аудиторияға мемлекеттік тілде және ағылшын тілінде таратылмақ.

«Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде телеарнаның аса қуатты құрал екені белгілі. Осыны ел мақсаты, ұлт мүддесіне ұтымды пайдалана білу аса маңызды. Жаңарған арнаның ұжымы бұл міндетті ойдағыдай атқарады деп сенемін»,-деп Д. Абаев.

Несиеге білім алғандар қарызын қайтармай жүр

Ағымдағы аптада ҚазАқпараттың журналистері 1999-2005 жылдары аралығында мемлекеттік білім беру несиесін алғандардың қазіргі қарызын біліп алды. Агенттік тілшісінің ресми сауалына жауап берген ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Қаржы орталығы мемлекеттік білім беру және мемлекеттік студенттік несие беру бағдарламасы жұмыс істеген кезеңде республикалық бюджеттен бөлінген қаржы 15,3 млрд. теңгені құрағандығын атап өткен. Аталған сомадағы несиені 58 мыңнан астам адам алған.

«Бүгінгі күні 7,7 млрд. теңге бюджетке қайтарылды. Бұл берілген несие жалпы сомасының 51 пайызын құрайды. Кредиттерді қайтару жөніндегі міндеттемелерін өз еркімен орындамай жүрген борышкерлерге қатысты Қаржы орталығының талап арыздары бойынша ҚР соттары борышкерлерден мемлекеттік білім беру кредитін өндіріп алу туралы 8700-ден астам шешім шығарылды. 1500-ден астам талап сот органдарында қаралуда», - делінген орталық жауабында. Жалпы, қазіргі кезде 37 мың адам 7,6 млрд. теңгенің қарызын қайтармай жүр.

 

Мемлекеттік қызметте мерекелік сыйақыларды алып тастайды

Қазіргі кезде мемлекеттік қызметте әрбір адамның жұмысын бағалау жүйесі енгізілген. Алайда оны бонустарды төлеу жүйесіне әлі қосқан жоқ. Аталған екі жүйені өзара үндестіріп, іске қосқаннан кейін барлық сыйақылар мемлекеттік қызметкердің жеке жетістіктеріне сәйкес төленетін болады.

"Негізі, мемлекеттік қызметте "13-ші жалақы" деген сыйақы жоқ. Үстемеақы мен премия дегендер бар. Алайда қазіргі міндетке сәйкес, әрбір мемлекеттік қызметкердің жалақысы жұмыстың нәтижесі бойынша төленуі керек. Сол себепті бүгінде жаңа жүйе әзірленді. Оның аясында барлық бонустар еңбектің нәтижесі бойынша төленеді. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметте жұмысты бағалау жүйесі енгізіліп отыр. Оған сәйкес, әрбір қызметкердің жеке жылдық жоспары белгіленеді. Онда нақты мақсат-міндеттер жазылады. Соның нәтижесі бойынша бонустар төленеді", - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мемлекеттік қызмет департаментінің міндетін атқарушы Жарқын Тілеукенов.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта жұмысты бағалау мен бонустарды беру жүйесін өзара байланыстырғаннан кейін мерекелік сыйақыларды алып тастайды. Сол кезде барлық бонустар, яғни ақшалай сыйақылар әрбір қызметкердің жеке жетістіктері үшін төленеді. "Ол жүйе барынша ашық болады. Адам бонусқа лайық болса, сыйақы алады. Ал жоспарды орындамаса, жалақыны қанағат тұтуға мәжбүр болмақ. Біз аталған жүйені келесі жылдың екінші жартыжылдығында енгізуді жоспарлап отырмыз", - деп атап көрсетті Ж.Тілеукенов.

Ал Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков ұзақ уақыт бойы бос орындарды ұстап, жұмысқа адам алмай жатқан министрліктерді сынға алды. Оның ойынша, аталған мемлекеттік органдар резервте бар адамдарды қызметке қоюға асықпаса, ондай ведомствоның штатын қысқартуға әбден болады. "Маған түскен ақпаратқа сәйкес, "А" корпусындағы ваканттық қызметтерге (басшылық - авт.) адам тағайындау жұмысы дұрыс жүргізілмейді. Қазіргі кезде резервтің барына қарамастан, 16 лауазым әлі де бос тұр. Төрт ай бойы алты бірдей министрлікте 8 комитеттің төрағасы әлі тағайындалмай отыр. Ал осы қызметке үміткерлердің резерві 39 адамды құрап отыр", - деді Ә.Жақсыбеков.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет саласында мамандардың жиі ауысуы басты проблемалардың бірі болып отыр. Соған қарамастан, қаржы министрлігінде 970 қызмет орны бос тұрса, ұлттық экономика министрлігінде - 900-ден астам, ал ауыл шаруашылығы министрлігінде 280 қызметке адамды әлі қоймаған. Облыстық және аудандық әкімдіктерде де солай болып тұр.

"Негізі, бос тұрған жұмыс орындарының көптігі, басшылардың жиі ауысуы мемлекеттік қызмет аппаратының жұмысына кері әсерін тигізіп отыр. Бізге осыны жан-жақты зерделеп шығу қажет. Қазіргі жағдайға не себеп болды? Неге ол орындар бос тұр? Бәлкім, сол министрліктердің штатын қысқартамыз. Соның арқасында біраз ақшаны үнемдеуге болады", - деп атап көрсетті Президент Әкімшілігінің басшысы.

 

Бүгінгі жүйенің өзі ақшаны ұрлауға ыңғайлы болып отыр

Бас прокурор Жақып Асанов қаржыны жымқыруға қатысты қылмыстық істерді тергеу жүйесін өзгерту керек деп санайды. Себебі құқық қорғау органдары нақты бір іспен айналысып жатқанда қылмыскерлер қыруар қаражатты шетелге аударып, елден тайып тұрады. Былайша айтқанда, тергеушілердің барлық күш-жігері бюрократияға кетіп жатыр. Ал ұрланған ақша бірден тәркіленсе, қылмыскер ешқайда қаша алмайды.

Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, соңғы 10 жылдың ішінде тергеуге алынған қылмыстық істер бойынша 10 млрд. теңгеден астам ақша шетелге шығарылды. Бұл тек өндіріске алынған істер ғана. Ал оның сыртында тергеуге ілінбей қалған қылмыстар қаншама.

"Жақында мен Тайжанов ("Азбука жилья" басшысы - авт.) туралы айтқан едім. Ол 14 млрд. теңгені жымқырып, Австрияға қашып кеткен. Сол жерде ұрлаған ақшаға жылжымайтын мүліктерді сатып алды. Өкінішке қарай, біз осы іспетті қылмыстық істер бойынша дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Себебі көп жағдайда тиын-тебенді ғана қайтарып отырамыз. Біздің тергеушілеріміз адамға қатысты ең қиын деген істерді шебер орындап жатады. Оған дау жоқ. Ұрлық-қарлық, адамды өлтіру, алаяқтық сияқты қылмыстарды жақсы тергейміз. Ол жағынан Еуропа елдерінен да озып тұрмыз. Алайда қаржылық қылмыстарды тергеу жұмысы ақсап жатыр. Неге? Себебі ол қылмысты жасайтын адамның білімі де, теxникалық мүмкіндігі де жақсы. Біз болсақ, ақшаны бірден тауып, оны бұғаттап алудың орнына сараптама мен шығынның көлемін есептеп жатамыз. Осы уақыттың ішінде қылмыскерлер ұрлаған ақшаларын офшорға аударып, оп-оңай шетелге тайып тұрады", - дейді Ж.Асанов "Ұрланған активтерді шетелден қайтару және ұлттық қаржылық жүйесін дамыту" тақырыбындағы "дөңгелек үстел" отырысында.

Осы орайда бірнеше мысал келтірді. Атырауда тергеушілер процессуалдық шараларды аяқтаймыз дегенше бұрынғы облыс әкімінің есепшілері 500 млн. долларды шетелге аударып, артынан өздері де Англияға қашып кеткен. Қазір сол жерде бой тасалап жүр. Сол сияқты "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының вице-президенті Тұрсынбаев та біраз ақшаны жымқырып, Канадаға тайып тұрған.

"Тағы бір мысал, Астанада Әлімбетов үлескерлерді 5,5 млн. долларға алдап кеткен. Қылмыстық іс тергелген үш ай бойы оның шетелдегі есеп-шоттарына Қазақстаннан қыруар қаржы құйылып тұрған. Тергеу оны білген де жоқ. Әлімбетовтің өзін ұстады. Қазақстанға қайтарды. Алайда ақша сол жақта қалды", - деп атап көрсетті Ж.Асанов.

Бас прокурордың айтуынша, бүгінде шетелге қашқан қылмыскерлерді қайтару саласында бірнеше проблема бар. Біріншіден, шетелдің құқық қорғау органдары Қазақстаннан түсетін сауалдарды көп жағдайда түсінбей жатады. Себебі өзіміздің мамандарымыз ондай сауалдарды түсінікті тілде жаза алмайды. Екіншіден, тергеушілер xалықаралық тәжірибені, сауал жолдап жатқан елдің ішкі тәртібін білмей жатады.

Осыған байланысты бүгінде Бас прокуратураның бастамасымен Шетелдегі қаржыны қайтаруға арналған арнайы жоба қолға алынды. Соның аясында шетелдік мамандар Қазақстанның 10 қызметкерін даярлап жатыр. Осы курстардан кейін олар шетелдік тәжірибені бүкіл аппаратқа тарататын болады.

Соңғы жаңалықтар