Бас прокурор әріптестері бұрын не үшін сотталғанын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпара  - Қазіргі кезде қылмыс бойынша статистика баяғыдай өтірік емес. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тергеу органдары бір қылмысты тез ашамыз деп артық кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан бұл заң жобасының басты міндеті осындай заңсыздыққа тосқауыл болу, яғни адамның құқығы мен қылмыспен күрес арасындағы бір теңгерімді ұстап тұру. Әрине, бұл теңгерімді ұстау үшін ішкі ахуалға байланысты қылмыстық заңнамаларға әр мемлекет өзінің өзгерістерін енгізіп тұрады. 90-шы жылдары қылмыс өршіп тұрды, сонда біз құқыққорғау органдарын күшейттік. Бұл тұрғыда Елбасы қылмыспен күресті өз қолына алды. Соның нәтижесінде жиырма жыл қатарынан, 1996 жылдан бастап адамға қарсы жасалатын аса ауыр қылмыстар жыл сайын азайып келеді», - деп атап өтті Жақып Асанов  құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғыртуға бағыттанған заң жобасы туралы баяндамасында.

Бұл ретте Бас прокурор 90-шы жылдары еліміздегі колонияларда 105 мың адам отырса, бүгінде бұл көрсеткіш үш есеге азайғанын алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда түрмедегі адам саны 35 мыңды құрайды.

«Оң өзгерістер болып жатыр, бірақ бізде мұндай жақсы өзгерістерге сенбейтіндер де жоқ емес. Неге сенбейміз? Бұрын тыныш болған сияқты, қазір қылмыс өршіп тұрғандай. Өйткені қазір барлығы ашық, ал бұрындары жабық болатын, яғни халық көп нәрсені білмейтін. Бүгінде бір қылмыс орын алса, интернетте тез тарап, бүкіл ел болып соны талқылаймыз. Соның ішінде, қазіргі кезде статистика баяғыдай "өтірік" емес. Себебі бұрын ауыр әрі аса ауыр қылмыс жасырылса, құқық қорғау органдарына әрі кетсе сөгіс беретін, ал бүгін ол үшін соттайды. Осы үшін талай әріптестеріміз сотталды. Сосын оған қазір бара бермейді. Сондықтан қазақстандықтардың қауіпсіздік жағынан өмірі жыл сайын жақсарып келеді. Осы орайда кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру секілді аса ауыр қылмыстар  азайып жатыр», - деді Жақып Асанов.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қазан айында Мемлекет басшысы Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын енгізді.

Соңғы жаңалықтар