Бас прокуратура кейбір өкілеттіліктерін сотқа беруді ұсынып отыр

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Бүгін сенаторлармен кездескен ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу аясында прокуратура органдарының жұмысын жеңілдетуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде сот инстанциясына айналдық. Барлық арыз-шағымдар алдымен бізге түседі. Содан прокуратура әрбір іс бойынша қарсылық білдіруге мәжбүр. Оның барлығы көп уақытты алады, өкілеттіліктеріміз тым көп. Мәселен, жылдамдықты асырғаны және болмашы жол-көлік оқиғалары бойынша жұмыс істеуге тура келеді. Алайда әлемдік тәжірибеге сәйкес, адамдар өздері сотқа барып, тиісті шешімдерге қарсылық білдіріп жатады», - дейді Меркель.

Оның айтуынша, ұсақ заң бұзушылықтарды бірінші инстанциядағы сот органдарына беруге болады. Ондайда кез келген адам прокуратураның көмегіне жүгінбей-ақ, сот арқылы өз құқығын қорғай алады. Ал прокуратураға нақты қылмыстарға қатысты істерді қалдыру қажет деген ұсыныс бар.

«Біздіңше, прокурорлар мемлекеттік мүддесі бар істерге, адамдар өздерін қорғай алмаған жағдайда араласуы тиіс. Иә, бүгінде халық арасында қит етсе, прокуратураға арыз жазу әдеті бар. Дегенмен, ЭДЫҰ (Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы - авт.) елдерінің қатарына қосыламыз десек, бәрібір қазіргі жүйені өзгертуге тура келеді», - деп атап көрсетті Бас прокурордың орынбасары.

Айта кеткен жөн, прокуратураның өкілеттіліктерін сот органдарына беру тұжырымдамасы әлі әзірленген жоқ. Алдағы уақытта аталған құжатты депутаттардың қарауына енгізу көзделіп отыр.  

Соңғы жаңалықтар