Бас прокуратура электрондық формат қылмыстық процеске не беретінін түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінде ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов  іс жүргізуді электрондық тәртіпке көшіру жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасына цифрлауды енгіздік. Енді істі электрондық түрде жүргізуге болады. Бұл не үшін қажет? Алдымен, цифрлы формат адамның құқығын қорғауды нығайтады. Себебі барлық процесс алақандағыдай көрініп тұрады. Бастысы - сот пен прокурордың бақылауы артады. Енді жасыру, жалған құжат жасау деген мүмкін емес. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық пен қызмет бабын теріс пайдалану фактілері де азаяды. Бұл - цифрландырудың ең басты мақсаты», - деді М. Ахметжанов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықтық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында.

Оның сөзіне қарағанда, аталған формат саладағы үдерісті тиімді әрі қолайлы етеді.

«Электронды іс жүргізуге көшкен кезде біраз ұйымдастыру шаралары жойылады. Бір жапырақ құжат алу үшін қазіргі тәртіпке сай үш тәулік өтеді, ал енді соның барлығын бір сағатта ұйымдастыруға болады. Бұл ретте тергеушінің уақытын үнемдейді, аса ауыр қылмыстарға көбірек назар аударуға мүмкүндік беріледі», - деді ол.

М. Ахметжановтың айтуынша, ҚР Ішкі істер министрлігімен және Қаржы министрлігімен бірлесе қанатқақты жоба іске асырылуда. Осы орайда 400-ден астам іс электронды форматта аяқталды. Соттар 200 электронды санкция берді.

«ІТ-жүйені прокуратурада жасадық. Бюджеттен ешқандай қаржы талап еткен жоқпыз. Бұл бағыттағы шаралар барлық қылмыстық процесті толық қамтиды, яғни қылмыстық тіркеуден бастап, сотқа дейінгі тергеуді және жазаның орындалуы үдерісін ескереді», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Соңғы жаңалықтар